Түсті металлургия колледжінің студенттерімен кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс орталығында  болғанын айтып, «Сарыарқа» шағын ауданындағы құрылыстың жылдам жүріп жатқанына тәнті болды.

- Павлодарға келген сайын үнемі жаңа дүниемен таныс боламын және бұл жағдай мені қатты қуантады, - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары. – Бұрын Алюминстрой шағын ауданындағы кеңес дәуірі кезінде салынған ескі үйлерді естеріңізге алыңыздар. Көзге оғаш көрінетін еді. Сол үйлер бес-жеті жыл қыстау үшін тұрғызылған болатын. Дегенмен Кеңес Одағы құлағанмен, сол үйлер әлі сақталып тұрды. Қазіргі таңда әкімдік бұл істі қолға алды. Мұнда қамыштан тұрғызылған 40 үй сүріліп, жаңадан көпқабатты үйлер бой көтеруде. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін Павлодар қаласы шырайлана түседі.

Бұдан басқа, астаналық мейман жаңа шағын ауданның айналасындағы инфрақұрылымның дамуына, әсіресе «Batyrmall» ойын-сауда орталығына назар аударды.

- Бұрын сол жерде балалар шомылатын тайыз бассейн болатын, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Қазір бұл жер өте әдемі: судың түбін тазартып, үйректер мен шабақтар жіберілген, қасында молл, дәмхана мен мейрамханалар, мұз сарайы орналасқан. Осылай даму керек. Павлодар – берекелі өлке.

Түсті металлургия колледжінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жаңа жатақхананың ашылуына қатысты. 200 орынға арналған баспана Павлодар облысының әкімдігі мен ERG компаниясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынған.

Болашақ металлургтер үшін мұнда заманауи жиһазбен жабдықталған бөлмелер мен киім-кешек жуатын, демалатын және тамақтанатын орындар бар, қажет техникамен жабдықталған. Ғимараттың төменгі қабатында тренажер залы орналасқан.

Томирис Бекжан
Фото: Әлібек Дженалинов

pavlodarnews.kz

Тэги: саясат