- Азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі адам өмірінің ең маңызды белесі – отбасын құру рәсімінің ерекше қуаныш екенін айшықтау, ұмытылмастай есте қалдыру үшін қызмет ететін болады. Жаңадан еңсе тіктейтін бөлімде азаматтық хал-актілерін жазу қызметі үшін барлық жағдай жасалатын болады. Жаңа орын некеге отыратын жастардың көбейіп, берекесі мықты отбасылардың қатарын толықтыратынына сенімдімін, - деді нысанның ашылу салтанатына қатысқан Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев.

АХАЖ бөлімінің көгілдір лентасы қиылған соң Асылбек Қабдраш пен Оралсын Нұрқабыл алғашқы болып жаңа туған нәрестелері Айзеренің туу туралы куәлігін алды. Қала әкімі жас ата-анаға денсаулық пен бақыт тілеп, сәбидің туу туралы куәлігі мен мен естелік сыйлық табыс етті.

- Біз осы күнді көп күттік. Үйлену тойымыз мекеменің ашылуымен тұспа-тұс келгеніне, алғашқы болып неке қидырып отырғанымызға қуаныштымыз. Қала әкімінің қолынан неке куәлігін алдық. Біз бақыттымыз, - дейді жас жұбайлар.

Металлургтер шаһарында жыл сайын отбасын құрғандардың саны артып келеді. Мысалы, 2017 жылы 461 неке қиылса, 2018 жылы 490 отбасы некеге отырған. Биыл қаңтар айында отыз шаңырақ отау құрған.

Жас жұбайларға ізгі тілектерін Ақсу ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының төрағасы Николай Сухотерин, қалалық «Нұр - Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынұлы білдірді.

Айта кетерлігі, бұған дейін АХАЖ бөлімі ыңғайсыз әрі тар ғимаратта орналасқан еді

және неке қию залы болмаған. Тұрғындар тарапынан бірнеше жыл қатарынан көтеріліп келе жатқан мәселе биыл шешімін тапты. Жаңа орын жалпы аумағы 130 шаршы метрді алады. Бұл жерде неке қию залы, мұрағат және бірнеше кабинет орналасқан.


Ақбота Сейсенбаева
Фото: Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, некеқию, қоғам