Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Уақыт бір орында тұрған жоқ, Қазақстанның мемлекеттік қызметі тұрақты жаңғыру шараларын қолдануды талап етеді. Жақында ғана еліміздің Ата Заңына өзгерістер енгізіліп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен дербестігі күшейтілді. Мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және кейбір қызметтерді мемлекеттік органдарға беру жөнінде заңдар қабылданды. Аталған өзгерістер мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға түзету енгізу қажеттігін алға тартып отыр», - деп тоқталды Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов заң жобасын таныстыру кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, талқылаулар барысында мемлекеттік қызмет заңының нормаларындағы проблемалар мен құқықтық қайшылықтар анықталды. Осыған байланысты Мәжіліс пен Сенаттың бірнеше депутаттары бастама жасап, қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.

«Атап айтқанда, тиісті өңірлік мемлекеттік органдардың басшылары лауазымына конкурстық іріктеуден ойдағыдай өткен кандидаттарды өкілетті орталық мемлекеттік органдармен келісу тәжірибесін алып тастау қажеттігі қаралды. Себебі мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған үміткер тиісті лауазымға сөзсіз орналасу мүмкіндігіне ие болады. Анығырақ айтқанда, конкурстық комиссияның шешімі конкурс жеңімпазын бос лауазымға тағайындау үшін негіз болып табылады және бұл қосымша келісуді талап етпейді», - деді Бектұрғанов.

Бүгінде заң талаптарына сәйкес, сынақ мерзімі арнайы тексеруден оң нәтижесі алынғаннан кейін ғана есептеле бастайды. Дәл сол кезден бастап конкурстан өтіп, қызметке кірген адам мемлекеттік қызметші болып саналады.

«Бұл ретте арнайы тексеру жүргізу мерзімі 3 айға дейін созылады. Ал сынақ мерзімі 3 айдан басталып, кейбір жағдайларда 6 айға дейін созылуы мүмкін. Соның салдарынан азаматтар 9 айға дейін тағайындаудан өтпей, қызметші өзіне тиесілі әлеуметтік қолдауларды толық ала алмайды. Соған байланысты біз сынақ мерзімін еңбек шарты қолданыла бастаған кезден немесе конкурстан өтіп келген азаматтың жұмысқа келген күннен бастап есептеуді ұсынып отырмыз», - деді депутат.

pavlodarnews.kz

Тэги: