«Жәрмеңке» аялдамасын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Буржуй» ЖШС абаттандырды. Компанияның құрылтайшысы Алексей Мазур айтып жеткізгендей, павильон ішінде қысы-жазы жайлы температура сақталады: қыста аялдама жылытылса, жазда – кондиционерлермен салқындатылады. Оған қоса, бұзақылардың болуы мүмкін теріс әрекеттерінен қорғаныс амалдары қарастырылған.

- Павильон сырты соққыларға шыдайтын антивандалдық жамылғымен қапталған. Онымен бірге, сегіз бірдей бейнекамера 70 метр айналасын бақылауда ұстайды. Аялдама қауіпсіздік батырмасымен жабдықталған, - дейді Алексей Мазур.



Естеріңізге сала кетейік, қаламыздағы тұңғыш жылы аялдама былтыр Орталық әмбебап дүкеніне қарама-қарсы жерде орналастырылды.

Алексей Мазурдың айтуынша, «Артур» сауда үйінің маңында халық көп жүретіндіктен екінші жылы аялдаманың аумағы кеңейтілді.

- Тұрғындардың қажеттіліктерін ескеретін боламыз. Мұнда біз павильон ішінде сауда орнын аштық. Көлік күткен кезде адамдар бізде ішімдік алып, тамақтана алады, - дейді Алексей Мазур.

Павлодар сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Назар Жұмабековтың айтуына қарағанда, былтырдан бастап қала әкімдігі облыс орталығында аялдама павильондарының жай-күйін тексерді. Қожайынсыз қалған аялдамалар аукцион арқылы сатылымға шығарылды.



«Жәрмеңке» аялдамасының аумағын «Буржуй» ЖШС үш жылға жалға алды.

- Жаңадан салынған аялдама қалалық әкімдік пен бизнес әріптестігінің жарқын үлгісі, - дейді Назар Жұмабеков. – Әкімдіктің көздегені павильондарды күтіп-баптауға жұмсайтын шығынның жүгін жеңілдету. Кәсіпкерлер болса, көшелер бойында орналасқан, халық көп жүретін нысандар арқылы өз бизнесін жүргізуге қол жеткізді. Ұтқан тұрғындар болып шығады: аялдамалар жылы, әрі көрікті болады.

Алексей Мазурдың сөзіне сенсек, «Буржуй» ЖШС қаламызда тағы бірнеше жылы аялдаманы салуды жоспарлауда.

Арслан Ғалымбек

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: жылы аялдама, павильон, «Буржуй», фастфуд, құрылыс, көлік