Мейрам Бегентаев барлық жаңашылдықтарға көп балалы аналар да кірген арнайы комиссияның жұмысы нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

- Біріншіден, Павлодар облысында арнаулы әлеуметтік көмекті аударған кезде жеке шаруашылығы табысы есепке алынбайды, - дейді облыс әкімінің орынбасары. – Облыстық бюджеттен Бірыңғай әлеуметтік қызметтер пакеті және аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдауды жүзеге асыру аясында 406,6 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданған.

Мейрам Бегентаетың айтуынша, қолдаудың екінші түріне аз қамтылған көп балалы отбасылардың балалары үшін балабақшалардағы тегін орындар жатады. Балаға жұмсалатын шығынды мемлекет өз мойнына алады. Нәтижесінде өңірде 3,5 мың бала балабақшаға тегін бара алады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қосымша 392 млн теңге бөлінген.

Үшіншіден, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мектептерде 1-11сынып аралығында тегін тамақтанады. Мұндай шешімді депутаттар бүгін облыстық мәслихаттың сессиясында қабылдады.

Қолдаудың төртінші түрі - аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, ата-аналары үшін қоғамдық көліктерде тегін жүру.

Бесінші қолдау – тегін дәріқұтылар ұсыну.

- 1435 көп балалы отбасы жылына бір рет бірінші көмекке қажетті дәрі-дәрмек бар дәріқұты алады, - дейді Мейрам Бегентаев. – Мұндай дәріқұтының бағасы – 3200 теңге. Бұл мақсатқа бюджеттен 4,6 млн теңге бөлінді.

Мемлекеттік қолдаудың алтыншы түрі – жалға баспана беру.

- Ақсуда тұрғын үйді жалға берудің нәтижесінде 102 отбасы баспаналы болады, - дейді облыс әкімінің орынбасары. – Оның ішінде аз қамтылған, көп балалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Мейрам Бегентаевтың айтуынша, әлеуметтік қолдаудың барлық түрі биыл 1 сәуірден бастап қол жетімді болмақ.

Спикердің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың бюджеттерінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға жалпы сомасы миллиард теңгеден астам сомаға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, көп балалы отбасылар, әлеуметтік көмек, Павлодар облысы, Мейрам Бегентаев