Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Гонконгта жеңіл атлетикадан 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы үшінші Азия чемпионаты аяқталды, - деді баспасөз қызметінде. – 15-17 наурыз күндері өткен құрлық додасына жалпы есебі 300-ге жуық спортшы қатысты. Азия біріншілігінде Қазақстан атынан 2002-2003 жылы туған 17 спортшы бақ сынады.

Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен павлодарлық спортшы Александра Залюбовская 400 метрге жүгіруден 3-орынға табан тіреді. Спортшы бұл қашықтықты 56:25 секундта жүгіріп шықты. Алтынды 54:83 секундта жүгіріп өткен жапон қызы Такашиме Саки алды.

Сонымен қатар, спортшымыз қыздар арасындағы эстафетада Маргарита Назаренко, Александра Сытина, Надежда Юрченкомен бірге қола медаль иеленді. Алтын қытай қыздарына бұйырды.

Айта кетейік, Азия чемпионатында 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы командалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бірінші орында Қытай, екінші орында Үндістан, үшінші сатыда Жапония командалары.

Оразбек Саяхат
Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жеңіл атлетика, Александра Залюбовская, спорт