Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Ол жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тарапынан әртүрлі бюрократиялық талаптардың көп болуы да мәселе туындатып отырғанын айтты.

«Бұл талаптар мұқтаж жанұялардың әлеуметтік көмекті дер кезінде алуына кедергілер туғызуда. Сол кедергілердің бір бөлігі - үлкен қалалар, облыс орталықтары маңында шоғырланған жанұяларды тиісті тіркеудің реттелмеуі. Үйсіз-күйсіз жүрген жандар кімге барып, қалай тіркелмек? Ал тіркеусіз ешкімге ешқандай көмек берілмейді. Осыны жеңілдету үшін қазіргі цифрландыру базасын реттеу, сол базаны дұрыс пайдаланып, халықты басы артық қағаз жинаудан арылту керек сияқты. Осы сияқты басқа да шешілуі қажет сұрақтар дер кезінде оң шешімін табуы керек», - деді Бектас Бекназаров.

Оның айтуынша, жалпы сомасы 6,5 млрд доллардан асатын халықты әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржының әділетті игерілуін қамтамасыз ету үлкен дайындықты қажет етеді.

«Бұл ұрандатып өткізе салатын бір реттік шара емес, халыққа ұдайы түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Сенат депутаттары тарапынан бұл жұмыстар тиісті бақылауда болуы қажет. Осы көмектің берілуін дәйекті түрде ұйымдастырып, онсыз да тұрмыс тапшылығынан, нарық заманының пәрменінен шаршаған отбасыларды әртүрлі бюрократтық әуре-сарсаңға салмай, оларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде салаға жауапты органдардың жұмысына үлкен сын болмақ. Үкіметке келетін болсақ, халықтың көкейінде жүрген аса маңызды әлеуметтік мәселелерге қашанда қырағылық танытып, уақытылы шешімдер қабылап, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқару міндеті тұр», - деді Сенат төрағасының орынбасары.

pavlodarnews.kz

Тэги: