Ішкі саясат бөлімі жастар орталығының инспекторы Мереке Төлеубаевтың айтуынша, 14-18 және 19-30 жас ерекшелігі аралығында бақ сынаған қатысушылар тоғыз жұмыс ұсынды.

- Әр қатысушы өз жұмыстарын жеке-жеке қорғады, - дейді Мереке Төлеубаев. - Барлығы қойылған талаптарды сақтауға тырысып, өзіндік ерекшіліктерді енгізді. Олардың арасында «Алтын адам» сауытындағы аң стиліндегі ою-өрнектерді көруге болады. Қатысушылардың бірі өрнектерді жылтыр қағаздан қиып жасаса, бірі қаңылтыр темірден ойып бедерлеген. Сонымен бірге, әр қатысушы жұмыс барысында фотосуреттер мен бейне жазбалар қолданды.

Ең үлкен - 1,7 метр макетті Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің қатысушылары дайындаған.  Ол пластик шөлмектер мен құрылыс материалдарын қолданған.

Баянауыл № 2 мектебінің қатысушысы Әлия Сәтбай «Алтын адам» бас киімінде «Қазақстан – қызғалдақтар Отаны» деген ойды білдіру мақсатында найза мен жебенің орнына қызғалдық гүлін пайдаланған.

Майқайың №2 мектебінің мұғалімі Нұрсұлу Шаймерден көрнекілік ретінде жарық шамын пайдалану арқылы өз жұмысына ерекше шырай беруге тырысқан.

 Майқайың өнер мектебінің ұстазы Әлімжан Шәпи жасаған «Алтын адам» макеті ерекше деп танылды. Ол өз жұмысын пенаплас пен гипс қолдану арқылы скульптуралық мүсін ретінде жасап шыққан. 

Торайғыр ауылынан келген С.Торайғыров атындағы жалпы орта білім беру мектебінің еңбек пәні мұғалімі Абай Әйткеш жасаған «Алтын адамның» семсерін шын шебердің қолынан шыққан туынды деп айтуға болады.

Байқау қорытындысында 14 жастан 18 жасқа дейінгі бірінші санатта Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушылары Елеу Жасыбай мен Александра Тарасенко жеңімпаз атанса, 19-30 жас аралығында екінші санатта Баянауыл №2 мектебінің ұстазы Жадыра Қошланованың жұмысы үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ұлыстың ұлы күні ақшалай сертификат табыс етіледі.

Томирис Бекжан
Фото: аудандық ішкі саясат бөлімі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам