Ақсу қалалық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Мұқашев бұл құрылғыны көптен күткендерін атап өтті.

 - Компьютерлік томографты орнату инсульт алуды, тыныс алу жолдарының зақымдануын, қатерлі ісіктерді, қан айналымы жолдары, ас қорыту  және несеп-жыныс жүйесінің ауруларын, жарақатты ерте анықтау мен диагностикалау үшін маңызды, - деді Мақсат Мұқашев. – Бастысы, құрылғы адам организмінің кез келген бөлігіндегі онкологиялық аурулардың басталу орынын ерте кезден анықтауға мүмкіндік береді. Компьютерлік томографты орнату нәтижесінде науқастарға рационалды емдеу тактикасын анықтау үшін дұрыс диагноз қою уақытында медициналық қызмет сапасы жақсарады.

 Бұл құрылғы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы, Ақсу қалалық ауруханасы мемлекеттік мекемесі мен «L GROUP» ЖШС жекешелігі арасындағы әріптестік аясында орнатылып отыр. Жобаның құны 270 млн теңгені құрайды. Healthcare өнімі Optima CT 540 GE томографы Жапонияда жасалған.

 - Томографпен жұмыс жасайтын маманымыз Мәскеу қаласында арнайы оқудан өтті, - деді Мақсат Мұқашев. – Бізде мұндай құрылғы бұрын болған жоқ. Тұрғындар басқа қалаларға баратын. Кейде науқастарды орнынан қозғауға болмайтын жағдайлар болады. Сондай сәттерде қиындық туатын. Енді Ақсу өңірінің тұрғындарына аталған тексеруден өту үшін өзге қалаларға барудың қажеті жоқ. Бұл құрылғыдан міндетті медициналық сақтандыруы бар адамдар тегін тексеруден өте алады.

 Ақсу қалалық ауруханасының медициналық көмегіне жүгінетіндер – шаһар тұрғындары, қала маңындағы ауылдардың және Май ауданының адамдары.

 Айта кетейік, Ақсу қалалық ауруханасы – 175 төсегі бар көппрофильді стационар. Сатционарда 7 клиникалық бөлім, қарқынды терапия бөлімі және 6 реанимациялық орыны бар.

 Жыл сайын медициналық көмекке Ақсу өңіріндегі 53 мың адам жүгінеді. Оған қоса, жыл сайын компьютерлік томографтың көмегін тыныс алу жолдары ауруларымен 1900 адам, ас қорыту мүшелерінің ауруымен 850, несеп-жыныс жүйесінің ауруларымен 725, мидағы қан айналымының бұзылуымен 185, мидың зақымдануы және сүйек-бұлшықет жүйесінің ауруларымен 4918, бас сүйек-ми зақымының түрлі жолдарымен 673, жүйке жүйесінің аураларымен 281 адам қажет етеді.

Дулат Райымбек

Фото: Ақсу қаласының баспасөз қызметі

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам