Аталған шараны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы бірігіп өткізуде.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин мерекеге Павлодар қаласындағы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернаты және өңірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының 60-қа жуық баласы қатысып жатқанын атап өтті.

- Ұлттық мереке қарсаңында балаларға сыйлық жасауды көздедік, - деді Нұрлан Жахин. – Мақсатымыз - ұлттық құндылықтарымызды, тағамдар, ұлттық ойын, ән-күйлерді балалардың бойына дарыту. Үш мекеме қосылып киіз үй тіктік. Балалар оның ішінде наурыз көже, қымыз ішіп, бауырсақ жеп ұлттық тағамдардан дәм татады. Жалпы, балалар Наурызда жылы сезім, шуақты оймен интернаттарына оралады деген ойдамыз. Киіз үйді орталыққа қойғанша, осындай балаларға келіп көңіл күй сыйлауды жөн көрдік.

Аталған үш мемлекеттік мекеме балаларға арнап өңірлік әртістерді шақырып концерттік бағдарлама қойды. Оған қоса, концертте интернат балалары да өз өнерлерін көрсетті.

- Қазіргі кезде 9-сыныпта оқимын, - деді есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектептің оқушысы Аида Жабайханова. – Ән айтып, би билегенді жақсы көремін. Ұйымдастырушыларға Наурыздың құрметіне бізге осылай сый жасап жатқандарына алғыс айтамын. Бүгін «Қазағым» деген әнге билейтін боламыз. Ұзақ дайындалдық. Сондай-ақ ымммен жеткізу арқылы ән айтатын боламыз. Балаларға өнерімізді жақсы қырынан көрсетуге тырысамыз.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар шара барысында ұлттық ойындарға қатысқан балаларға бағалы сыйлықтар табыс етті. Оған қоса, белгілі мөлшерде қаламыздағы кез келген кинотеатрларға кино билеттерін сыйға тартты.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Наурыз, мереке, балалар