Павлодар облысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің ант қабылдау рәсімінен кейін облыстардағы қалалардың барлық орталық көшелерін Елбасының атына беру туралы ұсынысына қолдау білдірді. Облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан шешім қабылдады.

- Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар, бүгін біз маңызды тарихи оқиғаға куә болып отырмыз, - деді облыс әкімі Болат Бақауов өзінің ұсынысында. – Қазақстанның аяққа тұруына, қайта жандануына зор үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Мемлекет басшысы өкілеттілігін тоқтатты. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік деңгейде танылған саяси қайраткер ретінде тарихта қалды. Даму мен келісімнің символына айналған елімізді Нұрсұлтан Әбішұлы барша әлемге мойындата білді. Күллі мемлекетті аузына қаратқан елордамыз Астана қаласын құрды. Ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтап, қақтығыстарға жол бермеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық экономикалық одақты құруға бастама көтерген тұлға ретінде мойындалған. Қазақстан әлемдік бітімгершілік процесстерде беделді және ықпалды мемлекетке айналды. Бізге ортақ мақсат – Елбасының басты саяси және тарихи мұрасы Тәуелсіз Қазақстанды сақтау және нығайту.

Облыстық мәслихаттың сессиясына 24 депутат, облыс әкімі мен орынбасарлары және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Бұдан былай Павлодар қаласының орталық көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталады.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы – қаланың ең ұзын көшесі. Бұл даңғылда «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылық орталығы, Мемлекеттік рәміздер алаңы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті, Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театры және өзге де ғимараттар орналасқан.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көше, атау