Шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері, жұмыс істейтін жастардан құрылған сегіз команда қатысты. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен отбасы, еліміздің өркендеп дамуы жолындағы еңбегіне қатысты сұрақтар экран арқылы қойылды.

Павлодар облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Руслан Тілеулесов Нұрсұлтан Назарбаев жастар саясатына ерекше назар аударғанын атап өтті.

– Бүгінгі тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан жастар өте бақытты, - дейді Руслан Тілеулесов. – Себебі, жастардың әлемнің үздік оқу орындарына білім алуына, ғылыммен және бизнеспен айналысуына барлық жағдай жасалған. Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлт Көшбасшысы ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Қаншама жастарға бағыт-бағдар берді. Биліктің ауысуы өмір заңдылығы деп қабылдау керек. Қазір өте қызықты кезеңді өткеріп жатырмыз. Елбасының сара жолы жалғасын табады деген үміттеміз. Басқа елдің жастары бізге қызығушылықпен қарайды. Қазіргі таңда өңірдегі жастардың саны 175 мың адамды құрайды.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс орталығындағы Тәуелсіздік даңғылығына Тұңғыш Президенттің есімін беру туралы бастаманы толығымен қолдайтынын атап өтті.

- Қаладағы ең көрікті әрі әдемі, кең көшеге берілгені дұрыс. Бұл көшеде тұратын адамдарға қызыға қараймын. Тарих беттерінен ерекше алатын Елбасының есімімен аталатын көшеде тұрудың өзі зор мақтаныш, - дейді ол.

Зияткерлік ойын барысында Тұңғыш Президенттің сүйікті әндері мен еңбектері, қызмет еткен жерлеріне байланысты сауалдар қойылды. Жастар әрбір сауалға қатысты деректерді келтіріп, белсенділік танытты.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: жастар, Павлодар облысы, викторина