Ұлыстың Ұлы күнінде мерекелелік іс-шаралардың басым бөлігі, қай кездегідей, облыс орталығының Орталық алаңында өткізілді. Мұнда жеті ауылға бөлінген киіз үйлерде қалалықтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік жасалды.

Ауылдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жариялаған жеті идеяға сәйкес орналастырылды. Атап айтқанда, шаңырақтарда «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп әрбір тарихи құндылыққа жеке-жеке тоқталып өткен.

Мәселен, «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» тақырыбындағы киіз үй маңында С. Торайғыров атындағы ПМУ оқытушылары көрермендерге ата-бабаларымыздың металлургиясының тарихынан сыр шертті. Айталық, көне металлургтердің құрал-саймандары, кен балқытып, металл алу әдістері, осы процесс өтетін көне пеш үлгілері және тағысын тағылар орналастырылды. Бұл, әрине, өз халқының тарихына бейжай қарамайтын адамдарға тамаша сый болды.

- Бүгінгі Наурыз мейрамы ерекше болды, - дейді қала тұрғыны Әнуар Омаров. – Ауа-райының керемет болуымен бірге, ұйымдастырушылар өткен жылдардан гөрі қызықты бағдарлама ұсынғанын көрдік. Бәрі тамаша. Наурыз елімізге береке әкелсін.

Өнер сүйер қауымға сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті мен жергілікті дарынды әртістер өз өнерлерін паш етті. Оған қоса Орталық жағалау маңында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жарысқа кез келген адам қатыса алды.

Айта кетейік, 2019 жылғы Наурыз мейрамы кезінде қаламызда «Үздік ұлттық киім», «Үздік киіз үй», «Бауырсақ» секілді конкурстар өткізілді. Байқаулардың мақсаты ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттап, дәстүрлі тағамдарды жаңғырту. Мысалы, «Бауырсақ» конкурсына 40 ұйым, «Үздік киіз үй» байқауына 60 ұйым, ал «Үздік ұлттық киім» сынына 70 ұйым қатысты.

Жоспарға сәйкес, мерекелік іс-шараларға 15 мың адам қатысады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Наурыз, Ұлыстың Ұлы күні, көктем мейрамы, Орталық алаң