Ertis ФК капитаны Карлос Фонсека Павлодар тұрғындарын көктем мерекесімен құттықтап, Жаңа жылда береке тіледі.

- Бүгін қазақтың мәдениетімен жақын таныстық, Наурыздың шығыстың Жаңа жылы екендігін білдік, - дейді Карлос Фонсека. - Өте қызық болды. Қаламыздың әрбір тұрғынына шын жүректен, ең бастысы, зор денсаулық тілегім келеді. Оған қоса Жаңа жылда бақыт пен береке тілеймін.

Клуб директоры Ардақ Торсықбаев айтқандай, осындай іс-шаралар арқылы клуб басшылығы команданың шетелдік футболшыларын қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстыруды көздейді.

- Кеше ғана апа-әжелеріміз футболшыларымызға батасын беріп, Наурыз көжеден дәм таттырды, - дейді Ардақ Торсықбаев. – Бүгін футболшыларымызбен бірге Наурызды қалалықтармен бірге халық арасында мерекелеуді жөн көрдік. Біздің командада Колумбия, Португалия, Венгриядан да ойыншылар бар. Осы арқылы аудармашылар көмегімен жігіттерімізді ұлттық салт-дәстүрлерімізбен таныстырудамыз. Оған қоса, бұл алдағы маңызды матч алдында жақсы демалыс болады.

Ардақ Торсықбаев қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтай келе, барлық павлодарлықтарды «Ертістің» Қазақстан Премьер-Лигасы аясындағы кезекті матчына келуге шақырды.

Айта кетейік, Ertis ФК кезекті кездесуін 30 наурыз сенбі күні Павлодардың Орталық стадионында өткізеді. Матч басталуы 15.00-де. Кіру тегін.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, Ertis ФК, ҚПЛ, футбол, Премьер-Лига