Жобаның үйлестірушісі, оқушылар сарайының әдіскері Бақыт Бекхожинаның айтуынша, аталған шараға қалалар мен аудандардан 7000-ға жуық адам қатысқан. Оның ішінде Павлодар қаласы мен Кенжекөл балалар үйлері де бар. Қазылар алқасының шешімімен іріктеуден өткен 36 кондитерлік өнімнің ережеге сай ұсынылған тоғызы марапатқа лайық деп танылған.

- Бастапқыда аталған байқауға қатысуға көбі бей-жай қараған, алайда тәрбиелік жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде қызығушылық танытқандардың саны арта түсті, - дейді Бақыт Бекхожина. – Өкінішке орай, күнделікті тұрмыстың қамымен отбасына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей қалатын сәттер болады. Ал, мұндай шара үйдегі жылулықты сақтап, ана мен баланың арасындағы байланысты нығайта түседі. Бірлесіп тағам дайындау кезінде баланың нені жақсы көретіні мен талғамы туралы біледі. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас тәрізді қалған рецепті қолданудың да өзіндік сыры бар. Басты мақсат - ұлттық асхананы жаңғырта отырып, шаңырақтың шаттығы мен бірлігін дәріптеу. Осы шараның соңына қарай ата-аналардан көптеген жылы сөздер мен алғыс естідік.

Ертіс ауданы Қоскөл мектебінің аға тәлімгері Оксана Фрик 3 сыныпта оқитын 9 жастағы қызы Аделя Тұяқовамен «Мерекелік торт» дайындап әкелген.

- Біздің отбасы әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған, - дейді Аделя Тұяқова. - Бұл тортқа алты жұмыртқа, қант, ұн, жеміс-жидектер, крем, қаймақ, ванилин қосылған. Ксения және Галя әжелерімнің рецепті бойынша отбасым мен мұғалімге деген ерекше сезіммен дайындалды. Үш сағаттың ішінде анаммен бірге пісіріп, сыртын өзім жеміс-жидектермен безендіріп шықтым.

Баянауыл ауданы Ш. Айманов мектебінен келген Сұңғатбек отбасы 50 жылдан бері дайындалып келе жатқан «Сәнді себет» бәлішін таныстырды.

- Бұл өзіміздің 90 жастағы кейуананың рецепті бойынша әзірленген. - дейді Қарлығаш Сапабекова. – Өзім Қ. Сәтбаев мұражайында әдіскер болып қызмет етемін. 3 және 5 сыныптарда оқитын Назерке және Ақерке есімді қыздарыммен бірге пісірдік. Қатпарлы қамырға майдаланған ет, пияз қосамыз. Жалпы, жеті саны қазақта киелі саналатыны белгілі. Сондықтан ішіне жеті жұмыртқа саламыз. Үстіңгі бетіне саңырауқұлақ тәрізді картопты әдемілеп қоямыз. Бұл рецепті анам маған қалдырса, мен өз қыздарымды үйретіп келемін.

Павлодар қаласының № 35 мектебінен Жадыра Ташенова мен ұлы Әділ Шаяфиден «Шаңырақ» бәлішін ұсынды.

- Әжеміздің рецептімен жанұямызбен бірге осындай бәліштің түр-түрін жасаймыз, - дейді Жадыра Ташенова. - Бұл бәліштің құрамында картоп пен пияз, ашытқы, сүт, тұз бар. Етті ет тартқыштан өткізіп аламыз. Екі ұл тәрбиелеп отырмын. Олар ұнды илеуіштен өткізіп көмектесті. Бірінші кезеңде құлпынайдан торт жасаған болатынбыз.

Аққулы ауданынан бастауыш сынып ұстазы Нұрбану Мамаржанова вафлидің 7 түрін дайындаған.

- Бұл тәттілерді 80 жастағы анамыз жасайтын, - дейді Нұрбану Мамаржанова. – Қазіргі күні үлкен ұлымның келіні мен балаларым пісіреді. Вафли өте жұқа әрі нәзік келеді. Сондықтан біраз шыдамдылық қажет. Бұл жолы 5 сыныпта оқитын ұлым Диас барлығын өзі жасап шықты деп айтуға болады. Бұған қоса, ол жеміс-жидекпен безеніру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«Ең үздік бәліш»   аталымы бойынша Аққулы ауданы Қазы ЖОББМ бірінші орынды, Ертіс ауданы № 1 ЖОМ екінші орынды, Баянауыл ауданы Ш. Айманов ЖОББ мектеп-интернаты үшінші орынды иеленді.

«Әлем халықтарының бәліші» аталымында Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы бірінші орынды, Ақтоғай ауданы Абай атындағы ЖОМ екінші және Павлодар қаласы № 35 ЖОМ үшінші орынды еншіледі.

«Мерекелік бәліш»  аталымында Ертіс ауданы Қоскөл ЖОМ бірінші орынды, Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған № 3 гимназиясы екінші және Ертіс ауданы Ұзынсу ЖОМ үшінші орынды жеңіп алды.

Жеңімпаздар әр номинация бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Айта кетерлігі, бұл күні оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мен ПМПУ облыстық «Көрші» жобасы аясында қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Көркемөнер бөлімінің домбыра, вокал, би ұжымдары концерттік бағдарлама дайындап, сахнада өнер көрсетті. 

«Жас Ұлан» балалар ұйымының көшбасшылары мөлтек ауданның тұрғындарымен ойын бағдарламасын өткізді. Шараға қатысушылар қазақтың ұлттық ойындарымен танысып, мерекенің ең кішкентай қонақтары мультфильм кейіпкерлерімен кездесті.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, білім, қоғам, бәліш пісіру, отбасы құндылықтары, Family day, рухани