Айдын Айымбетов Павлолар облысының еліміздегі цифрландыру үрдісінде белсенділік танытып жатқандығын атап өтті.

- ІТ технология өмірімізде жоғары маңызға ие болып келеді, - деді Айдын Айымбетов. – «Ақылды үй», «Ақылды қала» сияқты бағдарламалар айналамызда толып тұр. ІТ технологияның халқымыздың жайлы өмір сүруіне әсері мол. Бүгінгі форумда өзекті мәселелер талқыланатына сенімдімін. Көптеген ғалымдар, бағдарлама құрастырушылар, компания өкілдері қатысуда. Бұл жастар сабақ алуға, өздерін дамытуға, өз мәселелерін талқылап алуға таптырмас мүмкіндік. Жалпы, Павлодарда ІТ технологиялардың дамуы, цифрландыру белсенді жүруде. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда технологияның соғы үлгілерін пайдаланып жатқандығын көрдім.

Форум IT-технологияларды дамыту және IT-тренинг саласындағы ең өзекті тақырыптарды талқылауға арналған алаңға айналуда. Оған танымал қазақстандық және шетелдік IT-компаниялар қатысып жатыр. Спикерлері - Қазақстан, Ресей және Еуропадағы IT-технологиялар саласындағы жетекші сарапшылар.

«Аймақтың цифрлық трансформациясы» панелді пікірталас кезінде «Өнімдерді өндіру интернеті» (микробақылаушылар, сенсорлық желілер, 3D басып шығару), «Жобаларды басқарудың заманауи технологиялары және сандық ақпарат», «Сандық технологияларды дамыту негізінде SMART-аймақтың инфрақұрылымын құру», «Оқушы паспортының білім беру мекемелерінде іске асуы» тақыраптары талқылануда.

«Альком» компания тобының басшысы, «ИТ-Кластер-Сибири» коммерциялық емес серіктестігінің президенті Александр Тимофеечев форумның екі ел арасындағы тәжірибе алмасу үшін маңызды екендігін айтты.

- Форумымыз цифрлық эконмикаға арналған, - деді Александр Тимофеечев. – Мақсаты – өзара қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу. Бұл жерде біз өз өнімдерімізді таныстырамыз. Жалпы, цифрландыруды екі ел бір кезде бастадық. Қазіргі уақытта цифрлық жағынан дамымаған ел артта қалып қояды. Қазақстанда цифрландыру қарқынды жүріп келеді. Сондықтан тәжірибе алмасқан дұрыс.

Шара барысында ИнЕУ «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен және «ИТ-Кластер-Сибири» коммерциялық емес серіктестігімен әрі қарай достық қарым-қатынас орнату мақсатында меморандумға отырды.

Сонымен қатар, форумның құрметті қонағы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы», «Халық Қаһарманы», авиация генерал-майоры Айдын Айымбетовке техникалық білімді дамытуға қосан үлесі үшін ИнЕУ-дің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Оразбек Саяхат
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: