ЖОО коммерцияландыру бөлімінің қызметкері Вячеслав Монахов қар мен ауадан су алуға арналған құрылғыны таныстырды.

- Біздің мақсат – сорғының көмегісіз ауадан көбірек ылғал алу, - дейді Вячеслав Монахов. – Ылғал барлық жерде болады. Қыс мезгілінде суық ауаны жылыту нәтижесінде шық алынады. Дегенмен, бұл өте қымбат жабдықты талап етеді. Сондықтан жеңіл жолын іздестіріп, қарапайым әдісін қарастырдық. Қардың құрамы өте лас әрі бактериялар көп. Оны сараптама қорытындысы да көрсетті. Бұл құрылғы ауыз су тапшылығы бар елді мекендерде тестілеуден өткізілуде. Одан алынған судың ішуге жарамды екенін дәлелдейтін қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің сараптамасы бар.

Өнертапқыштың айтуынша, тазарту жүйесі қарды иістен, қоспадан, ауыр металдардан тазалайды, азон сүзгісі бактерияларды өлтіреді. Су атомосфералық ауадан ылғал бөлуге мүмкіндік беретін конденсатор арқылы алынады. Конденсатор жасанды жолмен құрамында судың буы бар ауа ағымын салқындатады. Алынған су жинақтауға арналған сыйымдылыққа түседі.

Мамыр айында құрылғыны далаға орнатып, атмосферадан су алуға болады. Егер далада + 25 градус тұрса, ауаны суыту үшін тоңазытқыш ретінде жерді пайдаланады. Себебі, жерде үнемі салқын температура сақталады. Жылы ауа жер арқылы салқындайды да ылғалға айналады.

Энергетика факультеті деканының ғылым жөніндегі орынбасары Александр Нефтисов электромотобайкты энергетика факультеті мен коммерцияландыру департаментінің командасы құрастырғанын айтады.

- Істен шығып қалған ескі ИЖ маркалы кеңес мотоциклін алып, кейбір жерлерін қайта дәнекерледік, - дейді Александр Нефтисов. - Дизайны жағынан заманауи мотоциклдармен бәсекеге түсе алады. Электромотор мен аккумулятор орнатылған. Розеткадан қуат алады, 2,5-3 сағат қуатқа қою керек. Дыбысы қатты шықпайды және 87 шақырымға жетеді. Жанармай құю қозғалтқышы жоқ. Тұтынушылар үшін 1,5 млн теңге тұрады. Біз әлеуетті клиенттерді тарту үшін өзіміздің мүмкіндігімізді көрсеткіміз келді. Жылдамдықты жақсы көретін байкерлер жоғары бағалайды деген ойдамын. Электрлі көлік тіркеуді талап етпейді. Тапсырыс бойынша екі айдың ішінде жасап шығара аламыз.

Сондай-ақ, қонақтарға элект энегриясын өндіруге қолданылатын жаяу жүргіншілер плиталары таныстырылды. Мысалы, күл полимері ендігі пайдасын беруде. Инновациялық технологиялар арқылы кеспе тастар алынады, ал болашақта құдықтарға қақпақтар шығару жоспарланып отыр.

Өнертапқыштардың жобаларымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов қалада эксперименттік жаяу жүргіншілер жолын жасап көруді ұсынды.

 Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлік, инновация, қоғам