Марқұмның намазы 21 сәуір күні (жексенбі) Нұр-Сұлтан қаласы, Пушкин көшесі, 4 мекенжайында таңертең шығарылады. 

Төлеубек Қоңыров 1939 жылы 4 қаңтарда бұрынғы Айғыржал болысы, қазіргі Май ауданы Ақжар селолық кеңесінің Төребұлақ ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келген. 1945 жылы 1 қыркүйекте Қызыл еңбек ауылындағы Қазақстан орта мектебінің 1 сыныбына оқуға түсіп, Май орта мектебін 1955 жылы маусымда бітірді.

Павлодардағы «Октябрь» заводында жүкші, облыстық «Қызыл ту» газетінде хат тасушы (курьер) болып қызметті етті.

1956 жылы жазда облыстық газеттің редакторы Әзілхан Нұршайықовтың жолдамасымен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Факультеттің арнаулы тобын үздік бітіріп, 1961 жылы облыстық «Қызыл ту» газетінің редакциясына келді, идеология бөлімінде тілші болып қызмет етті.

1963 жылы Тың өлкелік «Тың өлкесі» газетінде тілші, аға тілші, 1966 жылдан бастап Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2002 жылдың тамызында құрметті еңбек демалысына шықты.

Т.Қоңыров өзінің 80 жылдық ғұмырының 58 жылын журналистикаға арнады, Май ауданынан шыққан тұңғыш дипломды журналист. Облыстық газеттің тіршілігіне 16 жасынан бастап араласқан азаматтың еңбегі елеулі. Қаламгердің еңбектері одақтық «Труд», «Сельская жизнь» газеттерінде, республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Ауыл» газеттерінде, журналдарында жарық көріп келді. Бірнеше мәрте конкурстардың жүлдегері атанды.

1979 жылы ақпанда – «Қызыл ту» газетінің 50 жылдығына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Екі рет Павлодар қаласы Индустриалдық аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды.

2004 жылы облыстың 75 жылдығына орай мерейтойлық медальға ие болды. Қазақстан журналистикасын дамытуға қосқан зор үлесі үшін және көрнекті қызметі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісімен наградталды.

2017 жылы Май ауданының Құрметті азаматы атағын алды.

Соңғы жылдары өлкетану, тарихы бағытында бірнеше кітаптар жазды. Олардың көпшілігі өзі туып-өскен Май ауданының тарихына қатысты деректерден құралған. Атап айтқанда, «Аршалы ардақтылары, «Бөкейханнан Баубекке дейін», «Журналистің жазбалары», «Төреден тараған арғы заты», «Шұға әңгімелері», «Жат жерде жүріп жасқанбай» кітаптарының авторы, үш томдық «Жеңімпаздар – Победитель» кітабын құрастырушылардың бірі.

Қазақ журналистикасының ардагері Төлеубек Қоңыровтың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

«Ертіс Медиа» ЖШС, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы және ардагерлері.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Төлеубек Қоңыров