Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Павлодар қаласындағы Оңтүстік полиция бөлімінің №19 учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарады.

Күнделікті қызмет барысында Ержан өзіне сеніп тапсырылған аймақ тұрғындары туралы мәліметтерді жинап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, тексеріс жүргізеді. Құқық бұзушылық орын алған жағдайда әркез сол жерден табылады. Қызмет кезінде істі болған, ішімдікке, нашақорлыққа салынған адамдармен, құқық бұзушылармен күресіп, өзіне сеніп тапсырылған аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға жауап береді.

- Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан да бағынысымдағы әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті күтемін, - дейді өз сөзінде Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Аршат Болатұлы.

Ержан Жұмалдыұлы Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы Фрументьевка ауылының тумасы. Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары заңгер мамандығын алған соң, 1998 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасқан. Бұл Ержанның бала күнгі арманы еді. Бүгінде Ержан жұбайы Диана екеуі Әділжан және Мәриям атты екі сәби тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, күнделікті қызметте өз міндетін мінсіз атқарып жүрген үздік қызметі үшін Ержан Жұмалдыұлы «Тәуелсіздікке 20 жыл» медальімен, «2-ші дәрежелі ІІМ үздігі» омырау белгісімен, «Ішкі істер органдарында 10-15 жыл міңсіз қызмет еткені үшін 2 және 3-ші дәрежелі» медальімен марапатталып, облыс және қала әкімінің қолынан бірнеше рет грамоталар мен алғыс хаттарға ие болған.

Фото: ПД баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам