Нұрсұлтан есімін иеленген бала

Жуырда Астанадағы маған әлдекім телефон соқты. «Арықбаевтың немересімін» деп таныстырды өзін. Есіме түсіре алсамшы! Мен туып-өскен Май ауданында екі Арықбаев бар еді. «Соның қайсысы болды екен...» деген ойға қалдым.

 Біріншісі - Жидебай Арықбаев. Бүгінде 85 жастан асқан қарт, Май ауданының Құрметті азаматы. Ұзақ жыл ұстаздық 

еткен адам. Екіншісі – Сәбетқали Арықбаев. Ол осыдан 25 жыл бұрын дүниеден өткен-ді. Тірі болса, 78 жаста болар еді. Семейдің зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын тәмамдаған. Май ауданының бірқатар шаруашылықтарында бас зоотехник, партком хатшысы, селолық Кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Өнерлі жан. 1991 жылдың 2 ақпанында дүние салған болатын. Жас кезімізде оның досы, құрдасы Төлеубек Жұмабеков, ауылдасы Шамар Зұбайрин және тағы да басқа
жігіттер Қызыл еңбек, Малайсары ауылдарындағы орта мектептерде бірге оқығанбыз. Жүрген жері ойын-күлкі, сауық-думан. Еңсесін бір түсіріп, қабағын шытқанын көрген емеспіз... Маған телефон шалған осы Сәбетқали марқұмның кенже қызы Рыстыдан туған Нұрсұлтан болып шықты.

1991 жылы желтоқсанда Павлодарға сайлаушылармен кездесуге Президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Дәл сол
жолы осы Нұрсұлтан дүниеге келген-ді. Жөргекке орап, перзентханадан үйге жеткізген кез болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының облыс орталығына келуіне байланысты сәбиге есімін қоюға Президенттен келісім сұрауға атасы мені жұмсады.

- Нағашы, мен – Сыздық жиенің. Өзіңіз білесіз, қарапайым адаммын. Перзентімнің бірі ұлды болды. Соған Нұрсұлтан Назарбаевтан келісім алып бер – есімін берсін бізге, - деп телефон тұтқасының арғы жағынан гүр-гүр етті.

Біздің елдің – Ақшиман ауылының бір қызын ұлы үйге алып келген-ді. Бір аптадан соң, осы Сыздықтың телефон шалғаны бар. «Сіздің елмен құда болдық. Қай ауыл екенін біліп отырмын – Ақшиман. Кімнің баласы екенін енді сұрап-білгелі отырмын... Бізге келіп кетсеңізші, нағашы», - деп өтініш білдірді. «Жарайды!» деп келгенім сол – ортаңғы бөлмеде ақсары өңді қыз бала көзіме оттай басылды.

- Өй, мына бала досым, замандасым Сәбетқалидың кенже қызы ғой, - дедім бірден.

Қасына барып, құшақтап, маңдайынан иіскедім. Сәбетқалидың аузынан түскендей, үлбіреген ақсары қыз. «Әкесі тірі болса, бөтен үйдің табалдырығын өздігінен аттамас еді-ау», - деген өкініш те, өксік те көмейіме кептеліп қалды.

Үй иесі Сыздыққа: «Әкесі Сәбетқали таяуда дүние салған. Бала – қамкөңіл отбасынан. «Балаңыз бізде», - деп анасы Пәнуге хабар бердің бе?» - деп едім, ол ағынан жарылды: «Жағдай келмеді, жиналып бару қамындамыз».

Досымның мына қызының әрекетіне көңілім толмай, бейжай күйде жұмысқа қайта келіп, Көктөбедегі «Шамшырақ» газетінің редакторы Сәбет Жақыповқа телефон шалдым. Кешкісін Сәбетқалидың ұлы Құрмантай мен келіні Үміткенге телефон соқтым. Хабар кеш болса да, ауылға жетті-ау. Құрмантай мен Үміткен дереу кештетіп, Павлодарға келіп, Рыстыны көріп кеткен-ді...

1991 жылдың аяғына таман дүниеге сәби келді. Президентпен кездесуге барып, Сыздықтың аманатын орындауға келдім. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен кейін жиналғандар сұрақтар қойып, тілектер білдіріп жатты. Мен де қалыспадым. Омырау қалтамнан жазып әкелген бір парақ хатымды президиумға жолдадым. Онда: «Нұреке, мен Сізді осымен үшінші рет көріп отырмын. Бірінші рет 1957 жылы жазда Қазақстан студенттері мен жастарының тұңғыш фестивалінде көрдім. Сіз - Теміртаудан келген аға горновойсыз. Мен - университет студентімін. Фестивальде Ел туын көтеріп шыққанмын. Сіз фестиваль лауреаты атанып, Мәскеуге аттандыңыз... Осы жолы Сізге бір жиен бауырдың тілегін жеткізіп отырмын: «Жаңа туған немересіне есіміңізді қоюға рұқсат сұрайды». Хат астына аты-жөнімді жазғанмын. Хатым бірден президенттің қолына түсті. Оқып берді.

- Менің есімімді сұрап отыр. Берейік пе? – дегенде, залдағылар дуылдай қол соқты.

Сосын Президент: «Бердім рұқсат», - деді. Тағы да қол шапалақтау. Сөйтіп, Сыздық Сейсенбаевтың үйіне келген нәрестеге Нұрсұлтан есімі берілді...

Міне, сол Нұрсұлтан телефонмен хабарласқан күннің ертеңінде маған келді. Атасы Сәбетқали туралы кітапты әкеп тапсырып, оның дүние салғанына
25 жыл толуына орай берілетін құдайы асқа шақырып кетті. Ержеткен, азамат болған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. Инженер-құрылысшы. Астанадағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейді екен.

 Төлеубек ҚОҢЫР

Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі,

Астана қаласы.

 

Елбасы мен Елорда – егіз ұғым

Осыдан тура 18 жыл бұрын ел астанасының Алатаудан Сарыарқаға қоныс аударуы тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы қарышты қадам, батыл шешім болғаны шындық. Осы уақыт аралығында бас қала Қазақстанның ғана емес, күллі дүние жүзінің назары ауған көрікті шаһарға айналды. Әлемдік деңгейдегі ірі саяси, мәдени, спорттық шараларды Ұлы Дала елінің астанасында өткізу игі дәстүрге айналғандай. Қаланың мұндай мәртебеге қол жеткізуі үшін барлық сала мамандары бір кісідей атсалысуда. Әсіресе, Елордада орналасқан заң шығарушы орган – Мәжіліс депутаттарының орнын атап өтпеске болмас. Бұл ретте биыл ғана облысымыздың атынан ҚР Парламентінің депутаты атанған Айзада Құрманованы сөзге тартқан едік.

 - Мен үшін Астана – азаттығымыздың айнасы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Кеңес Одағы ыдырап, халық әуре-сарсаң күйге түскен шақта мұндай ірі өзгеріс жасау оңай болған жоқ. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас қаланы оңтүстіктен солтүстікке көшіру туралы ұсынысын қолдаушылардан гөрі күмәнмен қарағандар көп болды. Десе де, көп ұзамай бұл батыл шешім ерлік пен өрліктің белгісі екенін көпшілік жақсы ұғынды. Аз ғана уақыт ішінде шетелдіктерді таң қалдырған, тамсандырған қаланы тұрғыздық. Бұл - сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі. Елорда мен Елбасының егіз ұғым екені де сондықтан. Бүгінгі тоғыз жолдың торабы мен Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Мемлекет басшысының көрегендігін көрсетсе керек. Жас қаланың еліміздің ғана емес, дүние жүзінің бас қаласына айналуы сол, бұған дейін шаһарда Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Азия ойындары, әлемдік діндер конфессиясы сияқты ауқымды шаралар өтті. Келесі меже – ЕХРО-2017 көрмесі. 100-ден астам мемлекеттің халықаралық көрмені Қазақстанда өтуін қолдауы да тегін емес. Соның арқасында елімізге туристер көптеп келіп, отандық экономика, туризм саласы, мәдениет пен өнер жаңа серпін аларына сенімдімін. Қазіргі күні құрылысы қарқынды жүріп жатқан ғимараттарға көз салып-ақ, әсемдігі мен сәулетіне еріксіз тамсанасың. Елорданың осы іспетті жетістіктері әлі де молая түсеріне күмән жоқ.

Елбасы бас қаланы Астанаға көшіру туралы шешім қабылдауы арқылы жастарға жаңа әлемнің қақпасын ашып берді. Бүгінгі күні Елордада қызмет етіп жүрген азаматтардың барлығы дерлік – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған білікті мамандар. Мемлекеттің саяси, мәдени, рухани, білім және ғылым, спорт, қысқасы барлық саласының күретамыры Астанада болғандықтан, Елорданың төрінде еліне адал еңбек ету - әр азаматтың арманы деп ойлаймын.

Мен де биыл халықтың сенім білдіруі мен қолдауының арқасында Астана қалсының тұрғыны атандым. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде еліміздің заң шығарушы органында қызмет етіп, әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында қызмет ету бақыты бұйырды. Депутаттар халықтың өмірін жақсарту, түрлі салаға оң өзгерістер енгізу үшін қалтқысыз жұмыс істейтін болады. Елордадағы Парламент қабырғасында қабылданған заңдар кейін еліміздің барлық өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ілгерілеуіне әсер ететін болады. Қазіргі күннің өзінде бірқатар заң жобасы қаралып, қызу талқылануда. Еліміздің түкпір-түкпірінен сайланған депутаттар Астана қаласындағы кабинеттерде отырып қалмай, ел аралап, жұртшылықпен кездесуге шықты. Себебі біз заңды кабинетте отырып талқылап, шығару, қабылдау мүмкін емес екенін жақсы білеміз. Соңғы шешім Астанада айтылғанмен, оған дейін барлық аймақ тұрғындарының ой-пікірлері, ұсыныс-тілектері ескеріледі. Алдағы бес жыл аралығында әрі қарай да тұрғындарға қажетті, олардың құқығын қорғайтын заңдардың қабылдануына өзіндік үлесімді қосуға дайынмын.

Астана қаласының тұрғыны атанған үш ай аралығында елордалықтардың қатарында павлодарлықтардың, яғни жерлестерімнің үлесі басым екенін байқадым. Мұнай, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет саласында тер төгіп жүрген азаматтар баршылық. Бас қалада павлодарлықтардың білімі мен кәсібилігі жоғары бағаланады. Өз саласының үздіктері еліміздің жүрегі саналатын шаһарда еңбек етіп жатқаны қуантады. Үміт арқалап келген, жанарында оты бар, еңбек етуге құлшынысы жоғары сондай жастарды көргенде Астананың алар асуы әлі де биік деген ой келеді. Еліміздің ғана емес, шетел тұрғындарын да баурап алған шаһар әлемнің озық қалалары қатарына енетініне шүбә жоқ. Бұл – Елбасының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі.

 Жазып алған – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

Армандар мекені

Ару қала Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып барған жастар көп. Олардың қатарында павлодарлық қыз-жігіттер де баршылық. Еңселі Елорданың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген сондай патриот жастардың бірі - жерлесіміз Гүлмарал Ерғалиқызы.

 - 2007 жылы Ақсу қаласына қарасты Үштерек орта мектебін «Алтын белгімен» бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физика және техника факультетіне оқуға түстім. Бұл білім ордасында автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша оқуымды ойдағыдай тәмамдап, осы салада біраз уақыт қызмет істедім. Кейін қосымша қаржы мамандығын игердім.

Елбасымыз жастарға арнап айтқан бір сөзінде: «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді», - деген еді. Осы өнегелі сөзді өзіме ұран етіп ұстап, екі жоғары білім алуды мақсат еттім. Шүкір, бүгінде алдыма қойған мақсатыма жетіп, өз қатарластарымнан қалыспай еңбек етудемін, - дейді Гүлмарал Ерғалиқызы. 

Қазіргі таңда ол Астана қаласындағы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты медициналық қызметтерге тарифтер белгілеу орталығының талдау және модельдеу бөлімінің маманы болып еңбек етуде.

Бас қалада 9 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан Гүлмарал Астанаға әбден бауыр басып қалғанын айтады. Білімді жас болашағын да осы шаһарда өткізуге жоспар құрып қойыпты.

- Астана – болашақтың қаласы. Шаһарымыз күн сайын гүлденіп, даму үстінде. Қаланың көз тартарлық сұлулығын, өркениетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген білімді жастар түрлі салада табысты еңбек етуде. Солардың нәтижесінде Астанамыз асқақ, елдігіміз мәңгілік болады деп сенемін! Менің бір байқағаным, бас қалада ел қатарлы тірлік кешіп, жайлы өмір сүру үшін бәсекеге қабілетті болуың керек екен. Білімді де еңбекқор жастарға Астананың құшағы әрдайым ашық, берері мол. Бұл ретте, өзімнің бірқатар жетістікке жеткенімді мақтанышпен атап өткім келеді. Әлі де ойда жүрген асыл арманым мен алға қойған мақсаттарым көп. Бастысы, өз болашағымды ару Астанамен бірге қалаймын деп шештім, -
дейді жерлесіміз. Бірақ ол балалық шағының бал күндерінің ізі қалған қара Ертістің қасиетті топырағын жиі сағынатынын, оның орнын ештеңе де толтыра алмайтынын айтады.

- Мен үшін киелі Кереку өңірінің алар орны ерекше. Сол жақта сапалы білім, саналы тәрбие алып, жаңа өмірге қадам бастым. Сондықтан қатарымнан қалдырмай, осы күнге жеткізген ата-анама, ұстаздарыма шексіз ризамын. Жалпы, астаналықтар Павлодар өңірінен келген жастардың білімін, біліктілігін, іскерлігін және адамгершілігін жоғары бағалайды. Осындағы жерлестеріммен мақтанамын, - дейді.

Осылайша, күні кеше ғана Астанаға арман қуып барған бойжеткен бүгінде теңін тауып, павлодарлық Минап Нұрдәулет есімді азаматпен бірге еңселі Елордада отау құрған екен. Гүлмарал Ерғалиқызының айтуынша, жолдасы Нұрдәулет те Павлодар облысындағы бір мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. Қазір ол «Астана банкі» АҚ-да VIP менеджер болып қызмет етуде.

Бас қалада бақыттарын тауып, шаңырақ көтерген жас жұбайларға сәттілік тілей отырып, Астана асқақ армандарыңды жүзеге асырсын дейміз.

 

Н.АҚЫТЕГІ

 

Қазақ рухының мәйегі

 Астана - талай жастың арманын орындап, болашағын айқындап берген қала. Мұнда барып, шаруасын шарықтатып, ісін ілгері бастырған, шығармашылығын шыңдағандардың қатарында біздің өңірдің қыз-жігіттері де бар. Солардың бірі - ән әлеміне қанат қағып, өнер дейтін алып теңізге желкенін тіккен жас әнші Маусым Шәкім. Мереке қарсаңында әншімен шығармашылығы жайында аз-кем тілдескен едік.  

 - Астана менің өнерімді шыңдап, талантымды ұштауыма көп мүмкіндіктер сыйлады, болашағыма жарқын жол салып берді. Өнер әлеміне жаңадан қадам басқан мені жатсынбады. Ең алғаш 2010 жылы бас қалаға арман қуып келдім. Алғашқыдан-ақ жаңа әндер жазғызып, ән байқауларында бақ сынадым.

Бас қалада жүріп, бес жігіттен құралған «Алтынсамұрық» ұжымына мүше болдым. Кейіннен тобымыз триоға айналды. Мейрам Ысқақов, Серікболат Асанов сынды әншілермен бірігіп, «Алтынсамұрық» триосында 3 жылдай елге өнерімізді арнап келдік.

Елордада тек әнші ретінде ғана  емес, «Азия+» музыкалық арнасында бір жылдай жүргізуші болып  еңбек еттім. Өнер жолында аты көпке таныс, талай тыңдарманды әнімен сусындатқан Абай Бегей, Асхат Тарғын сынды ағаларымызбен бірге жұмыс істеп, ән кештерін өткіздік. Алдағы уақытта Заттыбек Көпбосыновпен бірігіп, дуэтпен ән жаздыруды ойластырып жүрміз. Сонымен қатар, халық әндерін жандандырып, елге жеткізуді өзімнің перзенттік борышым деп санап, қазіргі таңда репертуарыма халқымыздың сүйіп тыңдайтын, ел арасына кең тараған бірқатар әндерін кіргіздім.

Мені көргендер үнемі үнді әртістеріне ұқсатып жатады. Бізде концерттің шымылдығын үнді әнімен ашып, тыңдармандарыма тосын сый жасадым. Қазіргі уақытта «Іңкәрсіз» деген жаңа әнге бейнебаян түсіру үстіндемін. Заманауи, жастарға арналған әннің ортасында рэп оқылады. Бұрынғы әндерден өзгеше, жаңаша дүние жасауды жөн көрдім. Клиптің алғашқы бөлімін еліміздің шұрайлы да шырайлы өлкесі Баянауыл жерінде түсірдік. Енді екінші бөлімін Астана төрінде түсіреміз. Алла қаласа, алдағы бір-бір жарым айда көрерменге жол тартады деп жоспарлап отырмыз.

Елге ат басын бұрып келген соң, тыңдармандарымды сағындырмайын деп, киелі Ертіс-Баян өлкесін ән сапармен аралап қайттым. «Қара қызым» әнімен танылған, талай хит әндердің авторы Асан Пердешовпен бірігіп «Достарым» атты жеке ән кешімізді бердік.

Егер менен біреу «Астана саған не берді?» - деп сұраса:

- Астана маған шалқар шабыт сыйлап қана қоймай, өнер әлемінде еркін жүзуге мүмкіндік берді. Уақыттың қадірін біліп, жемісті жұмыс істеуге үйретті, – дер едім.

Жас қаламыз Астанамен бірге өсіп–өніп келеміз. Теңізге тамған тамшыдай болса да осы қаланың, қазақ мәдениетінің дамуына өзіндік үлесімді қосатыныма қуанамын.  Айбыны асқақ Астанада біз жететін жетістіктер мен бағындырар белес-
тер әлі де көп екенін білемін.

Рақмет саған, Астана!

Жазып алған – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

"Сарыарқа самалы" газетінен

 

 

 

pavlodarnews.kz