Министрдің ат басын бұрған бірінші нысаны 2015 жылы жұмыс істей бастаған «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС Бозшакөл тау-кен байыту кешені болды.

Жоба мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Оның арқасында мыс пен концентраттағы алтын экспортын жолға қою жоспарлануда. 2025 жылға дейінгі қуаттылығы – жылына катод түріндегі мыстың 100 мың тоннасы мен 120 мың унция алтын шығарылады.

Жұмыс сапары кезінде Роман Скляр ең ірі көмір кәсіпорындарының бірі – «Богатырь Көмір» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорынның «Богатырь» және «Северный» разрездері Қазақстанда өндірілген көмірдің 44% беруде. Компания 2018 жылы 45 миллион тонна көмір өндірген. Сонымен бірге, бұл өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда 6,5 мыңнан астам адам еңбек етуде.

Импорттың орнын толтыру аясында ауыр өндіріс кәсіпорындары да белсенді даму үстінде. Теміржол кластері жергілікті өндірушілердің құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілуде. «Проммашкомплект» ЖШС 2006 жылдан бері тұтас таптамалы теміржол доңғалақтары, жөндеу жиынтықтары және өзге де өнім шығаруда.

Министрдің зауытты аралау кезінде мәлім болғандай, теміржол доңғалақтары ішкі нарықпен қатар, сыртқы нарықты да қанағаттандыруға қауқарлы.

- Ресейліктер Екібастұздағы зауыт өнімділігі жеткілікті болғаны себепті өздерінде жоспарланған доңғалақ шығаратын кәсіпорын құрылысынан бас тартты, - дейді Роман Скляр. – Қазіргі кезде әріптестерімізбен бірге қандай өнім шығаратындығымыз туралы келісеміз. Бұл Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы келісілген өндірістік саясаттың айқын көрінісі.

«Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» ЖШС жүк вагондарын шығарумен айналысады. Бүгінде кәсіпорын жылына 2000 жартылай вагон және 500 жабық вагон немесе 500 платформа шығара алады.

Министр кәсіпорын алдында тұрған проблемаларды шешу жолдарын талқылады.

- «Қазақстан вагон құрастыру компаниясының» өнімі Қазақстан мен шетелде сұранысқа ие, - дейді Роман Скляр. - Өндірістің тоқтағаны бойынша мәселеге келсек, бұл Ресейден қажетті құрал-жабдықтардың әкелінбегенінен орын алды. Компанияның менеджменті жөнінде сұрақтар бар. Алайда, бірінші кезекте, кәсіпорынға өнім шығаруды жолға қойып, қалыпты өндірістік режимге көшу керек.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Роман Скляр, Болат Бақауов, Бозшакөл тау-кен байыту кешені, «Богатырь Көмір»