Бір жанкүйерлер жақында «Астананы» сырт алаңда тізе бүктірген павлодарлықтардан бұл ойында жеңіс күтсе, «Қайсардан» ұтылған кездесуді қаперде ұстаған екіншілері – «Ордабасымен» өтетін бұл матчтан жақсылық күткен жоқ. Ойын көрсеткендей, пессимистердікі дұрыс болып шықты.

Шымкенттіктер бірден ойын тізгінін қолға алып, қарсылас қақпасын торуылдай бастады. Алайда соңғы сәтте шымкенттіктер қателесіп жатты. Алексей Щеткин, Тоқтар Жанғылышбай мен Тимур Досмағамбетов мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ertis болса, қарымта шабуылдарға ие артып, ешбір қауқар көрсете алмады.

Бірінші таймның орта шеніне қарай кездесудің қарқыны бәсеңдеді. «Ордабасы» позициялық шабуылдар ұйымдастырса, павлодарлықтар қорғаныста ойнады. Шыны керек, бірінші таймда Ertis бірде-бір мардымды шабуыл ұйымдастыра алмады. 43-минутта Тоқтар Жанғылышбай айып алаңына еніп, алаң қожайындарының екі қорғаусын оңай алдап өтіп қақпаны дәл көздеді – 0:1.

Үзілістен соң павлодарлықтар тактикасын өзгертіп, алаңға қосымша шабуылшы қосты. Алайда ойынға енді кіріскен Момоду Сисей ұрымтал сәтті кәдеге асыра алмай қалды. Алаң қожайындарының қақпа алдында қауіпті сәт ұйымдастыруға деген ұмтылысына қарамастан, Пабло Фонтанелло бастаған шымкенттік қорғаныс сыр бермеді.



Алаңға шыққан Бауыржан Тәңірбергенов Ertis сол қапталына жан бітірді. Павлодарлықтардың орталық жартылай қорғаушылары Рохер Каньяс пен Патрик Хиди сәтті ойнады дей алмаспыз. Колумбиялық пен венгр сәт сайын допты жоғалтып, шапшаң Абдуллаи Диакате мен Май Махлангуға жол беріп жатты. 58-минутта Махлангу орталық алаңнан еркін өтіп, допты Жоау Паулуға тастады. Соңғысы айып алаңына еніп, қақпашымыз Антон Циринді алдап допты бос қақпаға бағыттап есепті еселеді – 0:2.

Павлодарлықтардың есепті қысқартатын сәттерін Бауыржан Тәңірбергенов пен Патрик Хиди пайдалана алмай, мүлт кетті. Осы жеңілістен соң Ertis турнир кестесінің 10-сатысына сырғыды.

- Біз мұндай кестеге шыдай алмай жүрміз, - деді кездесуден соң Ertis ФК бас бапкері м.а. Сергей Климов. – Көп ойыншыларымыз жарақат алды. Матч барысында ойыншы ауыстыру керек қой. Бізде осы ауысымдардан кейін проблема басталады.

Келесі ойынды Ertis қайтадан өз алаңында өткізеді. 15 мамыр сәрсенбі күні Павлодарға бес дүркін чемпион «Астана» келеді. Ойын басталуы сағат 18.30-да.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, футбол, ҚПЛ, Премьер-Лига