«Мәшһүр Жүсіп» мешіті баспасөз қызметінің мәліметінше, мешіттің бой көтеруіне осы ауылдың халқы, жергілікті кәсіпкерлер мен өзге де жанашыр жандар сүбелі үлес қосқан. Мешіт бір мұнаралы, намаз оқитын, имамның және көмекші имамның бөлмелері, от жағатын орын, кіреберісінде дәрет алатын және киім шешетін жер бар.

- Осыдан біраз жыл бұрын барлығымыз жиналған едік. Сол кезде осы жамағаттың ауылда мешіт болса деген тілегі болды. Ол кезде іргетасын қалай құямыз деген уайым бар еді. Алла өз үйіне өзі көмектеседі. Кімдерді себепкер етеді Алла өзі біледі. Кім қолұшын берді сол адам бақытты. Міне, сол күнгі армандаған мешіттің ашылуына да келіп жеттік, - деп Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров ақжарма лебізін білдірді.

Мешіттің ашылу салтанатына ауыл халқы түгелдей жиналды. Облыстық орталық «Мәшһүр-Жүсіп» мешітінің наиб имамы Қанат Қабдыкәрімұлы ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігінің атынан мешіттің құрылысына басынан аяғына дейін көмектескен Қошбике Ережеповаға Алғыс хат табыс етті.

Бас имам ауыл тұрғындарының арасынан қалалық мешіттен діни білім алған, Құран оқу білетін, мектепте көп жыл мұғалім болған Шағи Ильясты әйелдер қауымына ұстаз етіп бекітті. Ұстазға мешітте оқығандығын растайтын сертификат табысталды. Мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан жандардың ішінде Алланың үйін салайық деп жатқанын айтқан кезде ойланбастан кірпіштерді тегін берген Екібастұздың кірпіш шығаратын зауыт иелері ағайынды Бекболат және Тасболат Әбуғожиновтер де бар. Сонымен қатар, ауыл имамы Әділбек Хайдолда қолұшын берген жандарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кетерлігі, бұл қала бойынша осымен ашылып отырған сегізінші мешіт. Алла үйінің құрылыс жұмыстары 3-4 жылдай уақытқа созылған.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам