Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қыран қазақ» спектаклін  С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры сахналайды.

Нүркен Әбдіров 2-ші Дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, жауды жайратқан.

Пьеса авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков пен Мейрам Жұмабеков.

Қоюшы-режиссер Ш. Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

Қоюшы-суретшісі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов.

– Қойылымға Нүркен батырдың майдандағы ерлікке толы бейнесі және анасы Бағжанмен ескерткіш тұғырда кездесетін, туған жерді аңсаған, сағынышты сәттер тәрізді көріністер арқау болған, – деп жазылған хабарламада. – Нүркен батырдың рөлінде театр артистері Бауыржан Нұрмағамбетов пен Ақай Жұмамұратов, ал батырдың анасының образын Сәкен театрының белді актрисалары Нұржібек Жансүгірова мен Бижамал Кемалова сомдайды.

Сонымен қатар, халық ертегісі негізінде сахнаға лайықталып қойылған балаларға арналған «Жеті лақ» ұсынылады. Авторы – жазушы-драматург Б. Бекжанов, режиссері – Қазақстанның мәдениет қайраткері С. Жұмағали.

Шығармада көтерілген тақырып, өнер арқылы ұлт болашағы – бүгінгі ұрпақты жақсылыққа, ізгілікке, имандылыққа баулу. Олардың жұдырықтай жүрегіне мейірімділік пен адамгершілік қасиеттердің нәрін себу, сахна өнерінің құдіретін сол мақсатқа жұмсау.

Балаларға арналған ертегі-қойылымда театрдың жас буын артистері түрлі жан-жануар бейнелерін нанымды да, сенімді етіп шығаруға бар күш-жігерлері мен шеберліктерін салған.

Қасқыр сынды күрделі образдың өзі өнердің арқасында мүлде өзгеріп, жақсылыққа қадам басып, жеті лақты конкурсқа алып барып, үлкен табыспен оралады. Қалай болғанда да жақсылық жаманшылықты жеңетініне көз жеткізуге болады. Қойылым әсем әнмен әрленіп, көркем бимен көмкерілген.

Фото: 24.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам