Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ЖИТС-ке қарсы күресу және оның алдын алу орталығы басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова мәлім етті.

- 2015 жылдан бері аталмыш дерттің жыныстық жолмен таралуы 60 пайызға жеткен, - дейді Бақыт Жанахметова. – Себебі, жастық шағында есірткі тұтынған адам кейін тәуелділіктен арылып, отбасын құрып жатады. Дегенмен, біраз уақыт өткеннен кейін әйелі жүктілікпен жүгінгенде ВИЧ жұқпасы анықталған жағдайда таң қалады. Бұл ауру ұзақ уақыт, тіпті бес жылға дейін ешбір белгісіз өтуі мүмкін. Нәтижесінде ер адамды тексергенде бұрында есірткі тұтынғанда жұқпаға шалдыққанын білмейтін болып шығады.

Спикердің айтуынша, өңірде адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни ВИЧ жұқпасымен дүниеге келген балалардың ең үлкені бүгінде 23 жаста болса, ең кішісі - бірде. Науқастардың 77 пайызы ішкі тамырға есірткі тұтынған.

СПИД облыстық орталығының диспансерлік есебінде (СПИД) ЖИТС жұқтырған 1681 адам тұр, олардың 729-ы – әйелдер, 952-сі – ерлер, 10-ы – бала. Инфекция жұқтырғандардың 45,9%-ы (773) есірткі тұтынатындар.

Жұқпаның таралуының алдын алу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен жүкті әйелдер екі рет - 12 апталықта есепке тұрғанда және 30 апталықта тексеруден өтеді.

- Әйел адамдардың ана болу құқығына шектеу қоя алмаймыз, - дейді Бақыт Жанахметова. – Дегенмен, ешбір қауіп төндірмеу үшін перзентханаға картасыз түскенде экспресс-тест жасалады. Егер де ВИЧ жұқпасы анықталса, кесарь тілігімен алынады, емізуге тыйым салынады және балаға алты аптада антиретровирусты препарат ұсынылады. Облыста ВИЧ жұқтырған әйелдердің арасында 728 жүктілік тіркелген. Оның 359-ы жеңілденіп, 354 бала дүниеге келген.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам