Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Түркістан облыстарының спортшылары, сондай-ақ өңіріміздің Павлодар, Екібастұз және Ақсу палуандары қатысты. Онда 2000-2001 жылдары туған ерлер мен 2003-2004 қыздар өзара бақ сынасты.

Турнирді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бағира Жұматаеваның айтуынша, биыл турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 120-дан астам спортшы қатысты.

- Турнирде спортшылар тең дәрежелі қарсыластармен күш сынасып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды, - дейді Бағира Жұматаева. – Қазақстанда қазақ күресі әр жыл сайын танымалдығын арттырып келеді. Осындай турнирлерге жиі қатысу арқылы спортшылар жақсы нәтиже көрсете алады.

Осыған дейін Төлеутай Қанаевты еске алуға арналған дәстүрлі жарыс самбо мен белбеу күресінен өткізілетін. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бес жыл бұрын спорттық іс-шара қазақ күресі бойынша өткізілетін болып шешілді.

Жарыс қорытындылары бойынша ерлер арасында тоғыз салмақ дәрежелерінде Роллан Қабаев, Нұрқанат Сатыбалды, Қобыланды Зайыргелдинов, Нұрсұлтан Өтепбергенұлы, Орынбасар Әбдірахман, Мұхамедқали Сейтақ, Сұлтан Зарықбай, Ернұр Айдаев және Иван Юсупов жеңіске жетті.

Қыздар үш салмақ дәрежесі бойынша жарысып, нәтижесінде Наргиз Жұмағалиева, Кәмиля Өксікбаева және Алтынай Нұрханова бірінші орынды иемденді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Төлеутай Қанаев, қазақ күресі, «Баянтау» спорт кешені, ұлттық спорт