Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бұқаралық дене тәрбиесі жұмысы бөлімінің бас маманы Еламан Махамбетовтың айтуынша, «Баянтау» спорт кешенінде өткен облыстық турнирде өңіріміздің әр ауданы мен қалаларынан келген 28 палуан сынға түскен.

- Биылғы жарыста жастардың көптігі байқалды, - деді Еламан Махамбетов. – Турнирге қатысқан ең кіші палуандар ақтоғайлық Еламан Ерғантай мен ақсулық Әмри Бақұстар 1998 жылы туылғандар болса, Аққулы ауданынан келген 1979 жылғы Назымбек Баяхметов ең үлкені болды. Жастарымыз өсіп келеді. Жүлдегерлер қатарына да кіріп үлгеруде.

Турнир қорытындысы бойынша 3-орын екібастұздық Арман Махамбетовке бұйырса, 2-орынды 1997 жылғы Баянауыл ауданының палуаны Мұхтар Дәлелханұлы еншіледі. Ал, 1-орынды Павлодар қаласынан Самир Мамедов жеңіп алды.

Мұхтар Дәлелханұлы өткен аптада Шымкент қаласында өткен Қазақстан Кубогында күміс медаль иеленіп, спорт шебері атанған болатын.

Еске сала кетейік, өткен жылы «Қазақстан Барысы» турнирінде өңір намысын Арман Махамбетов пен Самир Мамедов қорғаған.

Қазіргі уақытта палуандар Алматы қаласында допинг тестісінен өтуде. Ал, республикалық «Қазақстан Барысы – 2019» додасы 8-маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар Барысы, қазақ күресі, спорт