Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.

Қазақстан 2019 жылғы Global Muslim Travel Index (GMTI) рейтингі бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер ішінде келушілер саны жағынан үздік 10 елдің тізіміне енді. Бұл тізімде сондай-ақ Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезия бар.

Бұдан басқа, GMTI рейтингі Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше және мүше емес елдерді тартымдылығы бойынша салыстырады. Бұл рейтингте 130 ел арасында Қазақстан 24-ші орында, Өзбекстан - 22-ші, Әзербайжан - 25-ші, ал Қырғызстан - 29-шы орында. Рейтингте Индонезия мен Малайзия көш бастаса, үшінші орында - Түркия, одан әрі тізімде Сауд Арабиясы және БАӘ тұр.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, Global Muslim Travel Index - сингапурлық CrescentRating және Mastercard компаниясы бірігіп әзірлеген, туризм саласындағы жыл сайынғы индекс. Рейтингті құру кезінде түрлі критерийлер ескеріледі: қолайлы орта, қауіпсіздік, діни шектеулер, және келушілер саны деген тармақтарды қамтитын «қоршаған орта» 30%-ға әсер етсе, мейрамханалар, намаз оқитын орындар, әуежай, бірегей туристік тәжірибе, қонақ үйлер тармақтарын қамтитын «мұсылмандарға арналған қызметтер» 20%-ды, байланысу қолайлылығы, цифрлық ақпараттың болуы, ақпараттық қамту тармақтарын қамтитын «коммуникация» 20%-ды көрсетсе, көліктік қатынас, визалық талаптар, көліктік инфрақұрылым тармақтарын қамтитын «қолжетімділік» қалған 10%-дың көрсеткіштері.

Бұл рейтинг бойынша, Қазақстан байланысу қолайлылығы, цифрлық ақпараттың болуы және бірегей туристік тәжірибе критерийлері бойынша жоғары көрсеткіштерге ие болса, қауіпсіздік, намаз оқитын орындар және діни шектеулер тармақтары бойынша кемшіліктері бар. Айта кету керек, көршілес елдерде де дәл осы көрсеткіштер бойынша кемшіліктер кездеседі екен.

«Малайзия, Иран, БАӘ және Таяу Шығыс елдерінің Қазақстанға қызығушылығы жоғары. 2018 жылдың нәтижелері бойынша бұл елдерден келушілер ағынының өсуі байқалады. Мысалы БАӘ келетіндердің саны 50%-ға, Малайзиялық туристердің саны 44%-ке артқан. Сондықтан, бұл рейтинг - біз үшін маңызды бағдар», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Елдер рейтингіне қоса, GMTI мұсылман елдерінен келушілер ағынын арттыру және олар үшін жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныс та береді. Олар - адал тағамдардың, намаз оқу орындарының болуы, қасиетті рамазан айында арнайы қызметтердің жұмыс істеуі және елде «халал емес» қызметтердің болмауы сияқты бірнеше ұсынымдар.

pavlodarnews.kz

Тэги: