Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың айтуынша, курсты ұйымдастыруға көзі көрмейтін және нашар көретін жандар ұйымының  мүшесі Василий Ивановтың өзі сияқты тұрғындарға қазақ тілін үйрену үшін курстар ұйымдастыру туралы өтініші себеп болған.

- Бұдан кейін Брайл жүйесіндегі қазақ тіліндегі оқулық құрастырылды, - дейді Сәуле Османова. – Бұл әдістеме орыс және ағылшын тілінде болғанымен, республика бойынша мемлекеттік тілде алғаш рет бізде құрастырылып отыр. 2018 жылы А 4 форматта 30 оқулық арқылы  екі ай 45 адам оқыды. Биыл  да  саусақтармен әріптерді басу арқылы оқуға мүмкіндік беретін 30 оқулық шығарылды. Авторы – «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова.

Көру қабілетінен айырылған І топтағы мүмкіндігі шектеулі Әсия Төлеубаева курсқа екі жыл қатарынан қатысуда.

-  Мысалы, гүлдер мен шөптердің атауы сияқты кейбір сөздерді дұрыс біле қоймаймыз, - дейді жасы 74-ке қараған қала тұрғыны. – Сондай-ақ, күнделікті тірлікте көбінесе орыс тіліндегі көп сөздерді қосып сөйлейміз. Сондықтан тілдің шұбарлығынан арылып, таза сөйлеуді үйрену үшін осындай курстар қажет. Бұған қоса, адамдармен араласып, жаңа дүниелерді білуге көмектеседі. Шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз зор.

Сәуле Нұриманова да биыл екінші жыл  курсты жалғастыруға ниет білдірген.

-  Мұнда қазақ тілін үйрену өте көңілді ойын түрінде өтеді, - дейді Сәуле Нұриманова. – Мектепте оқыған кезде кейбір сөздер есімде қалған, бірақ күнделікті өмірде қолдана бермейміз. Көру қабілетімнен айырылғаныма көп болмады. Әзірге Брайл жүйесін меңгере қойған жоқпын. Дегенмен, бар күш-жігерімді салып үйренуге тырысамын.

«Күн сәулесі» жобасы бойынша тыңдаушылар Брайл жүйесіне негізделген оптикалық құрылғылар, тифлоқұрылғылар және жаңа ақпараттық технологиялар арқылы қазақ тілі мен мәдениетін, ұлттың салт-дәстүрін  үйренеді.  Зағип жандарға релефті-графикалық  және көзі нашар көретіндерге жазық баспалы оқу құралдары қарастырылған.

Сабақ барысында дыбыстық аудиожазба құрылғысына жазылған сөйлеу модельдері, көзі көрмейтіндерге арналған арнайы әлеуметтік-белсенді және рефлексивті оқыту әдістері мен технологиялар қолданылады.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам