Бұл туралы тілшілермен өткен баспасөз жиынында Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ренат Валешанов мәлім етті.

- Соңғы кезде кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігіне оқытатын орталықтардың заңдылығын анықтау жөнінде хаттар мен қоңыраулар келіп түсті, - деді Ренат Валешанов. – Мән-жайды анықтай келе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы орталықтар павлодарлық кәсіпкерлерге қызметкерлерін оқудан өткізу жөнінде сұраныс жасағаны белгілі болды. Ішкі істер министрлігінің толықтырулары енгізілген халықты өрт қауіпсіздігіне оқыту жөнінде арнайы бұйрығы бар. Ол бұйрықта кез келген деңгейдегі ұйымдардың барлығының да қызметкерлері өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде оқудан өтуі тиіс. Өрт кезінде қауіпті заттармен жұмыс жасалатын өндірісі бар ұйымдардың барлық қызметкерлері оқудан өтуге міндеттелсе, өзге ұйымдардың басшылары немесе қауіпсіздікке жауапты бір адамы оқудан өтіп, мекемедегі өзге қызметкерлерге барып үйрете алады.

Ренат Валешановтың айтуынша, өрт қауіпсіздіген оқытатын орталықтар лицензия алмайды. Олар тек статистика органына тіркелсе болғаны.

- Алайда, олар оқыту жүргізу үшін арнайы кабинетті жабдықтауы тиіс, - деді басқарма басшысы. – Жабдықталған кабинеті жоқ орталықтың оқу жұмысын жүргізуге құқығы жоқ. Олар оқытудан өткізу үшін ұйымдармен келіскен бағаларына келісімшарт жасай алады. Оқудан өткен адамдарға арнайы құжат береді. Оқу үрдісі соңындағы емтиханға төтенше жағдай бойынша жауапты органның қызметкерлері қатысады.

Айта кетейік, өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде оқудан қызметкерлерін өткізбеген ұйымға алдымен ескерту жасалады. Берілген уақыт аралығында шара қолданбағандар жауапкершілікке тартылады.

- Өрт қауіптілігі жоғары ұйымдар жыл сайын тексерістен өтеді, - деді Ренат Валешанов. – Оған өндірістік кәсіпорындар, адамдар көп жиналатын балабақша, емхана, қонақ үй сияқты көптеген нысандар жатады. Ал, қауіптілігі төмен ұйымдарды біз кез келген уақытта барып тексере алмаймыз. Шағым, сұраныс немесе ұйым басшылығынан өтініш түскен кезде ғана барып тексеріс жасай аламыз. Жалпы, кез келген ұйым қызметкерлері өрт жағдайында өрт қызметі келгенше жасалатын шараларды білуі қажет.

Қазіргі уақытта Павлодарда өрт қауіпсіздігіне оқытатын 4-5 орталық бар. Оқудан өту құны жиналған адам санына байланысты 15 мың теңгеге дейін жетеді.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: өрт қауіпсіздігі, оқу, ТЖ