Акцияны өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен облыстық мәслихаттың депутаттары ұйымдастырды.

- Өткен жылы қоғам белсенділері мен тұрғындардан жемістерден, көкөністерден улану орын алғаны жөнінде шағымдар түсті, - деді облыстық мәслихаттың депутаты Марина Стрелковская. – Қарбыз, шабдалы сияқты жемістерден адамдар уланғаны белгілі болды. Сондықтан біз бұған назар аударып, бақылауға алуды шештік. Бұл биылғы бірінші рейдіміз. Мақсатымыз - сапасы нашар өнімдерді анықтап, құзіретті органдарға хабарлау. Әрі қарай департамент айналысатын болады.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Арман Рақышевтың айтуынша, өнім құрамында «нитрат» көп болғанда адамның температурасы жоғарылап, жүрек соғысы жиілейді, өзге де жағдайлар орын алып, улануға әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе балаларға қаупіті.

- Акция жыл сайын, жаз бойы бірнеше рет өтеді, - деді Арман Рақышев. – Шара барысында халыққа жеміс-көкөністі таңдау, сатып алу бойынша нұсқаулар береміз. Тұтынушы өзі нитрат мөлшерін анықтай алмайды. Сондықтан біз арнайы құрылғы арқылы зерттейміз. Сатып алушыларға айтарымыз: өнімді белгіленген орындар дүкен, супермаркет, базарлардан алу қажет. Сапасы күдік тудырса, сатушыдан сапасы бойынша құжат сұрауы керек. Сондай-ақ жеміс-көкеністі піскен уақытында қолдануға кеңес береміз.

Өткен жылы жеміс-көкөністің 500-ден астам түріне сараптама жасалып, 20-дан астамынан нитрат мөлшері көп екені анықталған.

- Нитрат мөлшері көп жеміс-көкністердің көбісі оңтүстік өңірлерден әкелінгендер болып шығады, - деді Арман Рақышев. – Сондай-ақ піспеген өнімде нитрат көп болады. Мысалы, бүгін өрік, шиеден нитрат мөлшері басым екенін байқадық. Бірақ денсаулыққа қауіпті емес. Бұл кеш пісетін, алайда сатылымға ерте шығатын түрлер. Жалпы, нитрат мөлшері көп өнімдер табылса, базар басшылығына тауарды сатудан алып тастауға кеңес береміз. Ал, егер тұрғындар шағымданып, келіп тексеріс жасаған жағдайда анықталса жауапқа тартылады.

Айта кетейік, бүгін «Рахмет», «Асыл» базарлары мен «Керуен» СҮ-де жергілікті жемістер мен көкеністер, сондай-ақ, оңтүстіктен және Қытай, Қырғызстан, Польша сияқты шет елдерден келетін өнімдерге сараптама жасалды. Барлығы 137 түрге сараптама жасалып, нитрат мөлшері шамадан тыс өнімдер тіркелген жоқ.

Өңірімізде сатылатын жемістер мен көкеністердің сапасын бақылауды облыстық мәслихаттың депутаттары былтырдан бастап қолға алған.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жеміс, көкеніс, сапа, денсаулық