Тренинг кезінде «Аманат» азаматтық платформасының республикалық штабының мүшесі Арман Ешмұратов бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ дауыс беру кезінде туындайтын әртүрлі жағдайларда өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірді.

Оқыту кезінде бүлінген бюллетенді анықтауға егжей-тегжейлі тоқталды. Мәселен, кейде дауыс беруші құжатта бірнеше үміткердің жанындағы ұяшықты белгілеп, бір кандидатқа ерекше белгімен дауыс беріп, өз қалауын анық жеткізуі мүмкін. Арман Ешмұратовтың айтуынша, мұндай жағдайда бюллетеннің жарамдылығын учаскелік сайлау комиссиясы шешеді.

- Тренинг кезінде 20 шақты мобильдік капитанға сайлау учаскелерінде жүріс-тұрыс ережелерін оқыттық, - дейді Арман Ешмұратов. – Біздің басты мақсатымыз сайлаудың заңды өтуін, науқан кезінде барлық үміткерлерге бірдей жағдай туғызу. Бақылаушылар өз жұмысын атқарғанда заңды бұзбай, ешкімге бөгет жасамау керектігін ұмытпауы тиіс.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін «Аманат» азаматтық платформасының бақылаушылары учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру хаттамаларының көшірмелерін «Аманаттың» жергілікті штабтарына жеткізуі керек. Әрі қарай «Аманат» платформасы сайлау туралы өз ақпаратын жариялауға құқылы.

Арман Ешмұратовтың айтуынша, мобильдік капитандар тренингте алған білімдерін жер-жерлерде, облысымыздың қалалары мен аудандарында бақылаушыларды даярлауға жұмсамақ.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: сайлау, президент, бақылаушы, «Аманат» азаматтық платформа, мобильді капитансы