Облыстық мәдениет және архивтер, құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және археология бөлімінің басшысы Самал Сәменованың айтуынша, қазіргі уақытта облыстық тізімде 43 киелі нысан бар. Оның жетеуі – республикалық: Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Ақкөл- Жайылма қалашығы мен Исабек ишан кесенесі, Баянауыл ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев кешенесі, «Ақкелін» тарихи-мемориалды кешені, Павлодар қаласындағы Сұлтанбет Сұлтан ордасы және қалған 36-сы облыстық маңызы бар нысандарға жатады.

- Үміт апа киелі карталар тізімінде бар, бүгінгі таңда кешен ретінде атауын ауыстырып, жатқан жері мен емдеу орталығын кіргізу ұсынылып отыр, - дейді Самал Сәменова. - Екінші сұрақ – облыстық тізімге Шайхы ата кешені мен Мәшһүр Жүсіп мешіті мен Ақ мешітті,  Благовещенск шіркеуін енгізу. Александр Фергалюк бұл өтінішпен 2017 жылдан бастап Павлодар облысының әкіміне және басқа да мекемелерге жүгінген.

Александр Фергалюк емдеу орталығы мен мешітті бөлу мүмкін емес екенін айтады.

- Бүгінде емдеу орталығы көпшілікке жақсы мәлім, - дейді ол. - Халық емшісі ретінде танылған Үміт апаға 14 жыл қызмет етіп, ем алдым. 2017 жылы оңтүстіктегі киелі орындарды араладым. Ол жақтың адамдары менің қай жерден келгенімді білгенде «Сіздерде бірегей Шайхы атаның орны бар емес пе» деп, біздің өңірге келетіндерін айтады. Ал, Мәшһүр Жүсіп мешіті, Ақ мешіт және Благовещенск шіркеуі құлшылық ететін әрі тарих маңызы зор нысандар.

«Киелі география» ғылым зерттеу зертханасының меңгерушісі Еңлік Әбеуова қазіргі қолданыстағы діни нысандар мен тарихи ғибадат ету нысандарын шатастырып алмау керек екенін тілге тиек етті.

- Мәселен, 2017 жылдың соңында республика бойынша еліміздің 100 нысаны енгізілген республикалық және өңірлік киелі нысандар бар екі энциклопедия шықты, - дейді  Еңлік Әбеуова. - Оның ішінде мешіттер де бар. Дегенмен, бұл мешіттердің басым бөлігі Маңғыстау облысындағы сәулет ескерткіштері болып табылатын жерасты мешіттері мен сақталып қалмаған, жай ғана іртгетасы немесе орны бар 19 ғасырдағы тарихи мешіттер. Мәселен, Май ауданының Ақшиман ауылында Қайса ата мазары мен мешіті, Аққулы ауданында Мерғалым ата мазары және қасында былтыр қолға алынған қонақүй кешені бар. Демек, осы нысандарды да қарастыруға болады. Облыстық дін басқармасында 152 діни бірлестік тіркелген. Оған қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған Ақ мешіт, Мәшһүр Жүсіп мешіті кіреді. Мешіттерден басқа, ертең грек-католиктер шіркеуінің өкілдері келіп, бұл тізімге неге кірмей қалғаны туралы сұрауы мүмкін.

С. Торайғыров атындағы ПМУ археологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктор Мерц осы салаға нақты жауап бере алатын діни қызметкерлерге жүгінуді ұсынды.

- Мемлекеттік қызметшілердің діни мәселемен айналысуы дұрыс емес. Ол үшін арнайы басқармалар мен дін тұрғысынан білімі бар мамандардың кеңестеріне құлақ түрген абзал. Сондықтан бұл іске олардың жауап бергені жөн, - дейді Виктор Мерц.

Сараптамалық кеңестің мүшелері бірінші сұрақты мақұлдаса, қалған төрт нысанға қатысты сауалнама жүргізіп, алдағы уақытта жазбаша түрде жауап беру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, отырыс барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша тиімділікті бағалау үшін негізгі көрсеткіштер тізімі талқыланды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: киелі карта, Павлодар облысы, рухани