Жиын барысында өткен жылу маусымының қорытындылары шығарылып, келесі маусымның дайындығы пысықталды. «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаевтың жеткізген ақпаратына қарағанда, биылғы жылу маусымы 225 тәулік бойы созылды.

- Биылғы жылу беру маусымы 2018 жылдың 18 қыркүйектен 2019 жылдың 29 сәуіріне дейін жалғасты, - дейді Марат Иманаев. – Маусым апатсыз өткенімен, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар көп болды. 2018-2019 маусымда 1182 өтініш қабылданып, оның 162 расталды. Жылу жеткілікті дәрежеде берілмеген 28 ПИК пен жекеменшік үйлер ерекше есепке алынып, оларда температуралық көрсеткіштерді арттыру жөнінде іс-шаралар қолға алынбақ.

Марат Иманаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары басталғанына байланысты «Жылу желілері» қаланың солтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар өткізуде. Сынақтардың үшінші кезеңінің қорытындылары бойынша 84 ақау анықталды.

- Жұмыскерлеріміз демалыссыз жұмыс істеу режиміне көшірілді, - дейді Марат Иманаев. – Кешеден бері адамдарымыз жылу желілеріндегі ақауларды жөндей бастады. Тез арада қолайсыздықтарды жоюға тырысамыз. Ертең қаланың солтүстік бөлігіне ыстық су беріле бастайды. Оңтүстік бөлікте сынақтар 27 мамырда басталады.

Жазғы кезеңде 9,2 шақырымдық құбыр күрделі жөндеуден өтеді. Биыл жөндеу науқанына әртүрлі көздерден екі миллиард теңге бөлінуде.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директорының сөзіне қарағанда, биылғы жұмыстардың ішіндегі ең ірілердің бірі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында атқарылады. Аталмыш көшенің «Артур» СҮ маңы, Толстой мен Ломов көшелерінің қиылыстары жөнделеді.

Қала әкімі Әнуар Күмпекеев «Жылу желілеріне» көзделген жөндеу жұмыстарының нақты күндері мен мекен-жайларын жариялауды тапсырып, Қамзин көшесіндегі сыртқы жылу құбырларын бірінші кезекте ретке келтіруді бұйырды. Оған қоса, қала басшысы өткен жылдары көмілмей қалған жөндеу жұмыстарының іздерін 1 маусымға дейін абаттандыруды қатаң түрде талап етті.

Айта кетейік, бүгінде Павлодарда коммуналшылардың қазып, көмбей кеткен 169 жердің 54-і ғана ретке келтірілді.

Айбек Жұматов

Фото: Павлодар әкімі баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: ыстық су, Әнуар Күмпекеев, Марат Иманаев, жылу желілері

Похожие материалы: