Мәреге кім бірінші болып келетінін бөбектер Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы облыстық чемпионатта анықтады.



Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Жыл сайын қатысуға ниет білдірушілер саны артуда.



- Алғашында 20 өтініш болған болса, биыл 35 отбасы қатысуда, - деді жастарға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Зарина Орақпаева. – Чемпионат жас отбасылардың арасындағы отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған.



Ереже бойынша ата-аналардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Биыл ұйымдастырушылар балаларға «Өрмекші адам», «Супермен», «Бэтмен» сияқты балдырғандар арасындағы батырлардың киімін кидірді.

Чемпионат «Алға baby» бөбектер еңбектейтін және «Супер отбасы» бөбектермен бірге ата-аналары сынға түсетін 2 кезеңнен тұрды.



Жас спортшылар 10 метрлік қашықтықты бағындырды. Екінші кезеңде ата-аналар еңбектеумен қатар, жаялық кигізіп, себетке доптарды салды. Аталған 2 кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпазды таңдады.



Басты жүлдеден бөлек, бөбектер 12 номинация бойынша сыйлықтарға ие болды.



Негізгі үш жүлде бәрінен жылдам еңбектеген бөбектерге бұйырды. Бірінші орынды 10 метр қашықтықты 1 минут 12 секундта бағындырған Надир Нығматуллин жеңіп алды. Жүлдегер отбасыларға тұрмыстық техникалар табысталды.

Дулат Райымбек
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, бөбектер, ЖБДО, жарыс, қоғам