Соңғы кездері павлодарлықтармен қатар сәтсіздіктерге ұшырап жүрген «Қайратқа» қарсы ойында футбол сарапшылары «Ertis» жеңіске жетеді деп болжаған.

11-турдың матчында павлодарлық команданың құрамында бірнеше өзгеріс орын алды. Құрамның негізгі ойыншылары Урош Витас, Милан Мирославлевтер алаңға шықпаса, команда көшбасшысы Карлос Фонсека ойынға 66-минутта қосылды. «Қайраттың» бұрынғы ойыншылары Арман Нүсіп пен Ойбек Балтабаев ойынды алғашқы минуттан бастады.

Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ алматылық команда басымдылыққа ие болды. 5-минутта қорғаушылар қателігін пайдаланып Адеринсола Эсеола есеп ашты.

33-минутта «Ertis» жартылай қорғаушысы Роджер Каньяс айып добынан асырылған пасты баспен қақпаға бағыттап есепті теңестірді.

Ал, 40-минутта Адеринсола Эсеола дубль авторы атанып, ойын тізгінін «Қайратқа» алып берді. Бірінші таймда «Ertis» алматылықтардың шабуылынан көз ашпады.

Екінші тайм да көбінесе «Қайрат» командасының шабуылымен өтті. Матчтың екінші бөлігінің ортасынан бастап павлодарлықтар жүйелі ойын көрсете бастады. Алайда, нәтижелі шабуыл орын алмады.

«Ertis» ФК бас бапкерінің м.а. Сергей Климов алдағы уақытта чемионат кестесі өзгергенде нәтиже де өзгеруі мүмкін екенін айтты.

- Кездесу жайлы бірдеңе деу қиын, - деді Сергей Климов. – Әр ойыннан кейін осы сөзімді қайталауға тура келеді. Мынау үш күнде бір өткізіп отырған 7-ші ойынымыз. Бұлай ойнау мүмкін емес. Жарақат алған футболшыларымыз көп. Сау ойыншылар қалыпқа келіп үлгермейді. «Қайрат» айтарлықтай басым ойын көрсетті. Сәттілік біздің жақта болғанда нәтиже болар еді. Бізде әр ойында біреу қатардан шығып қалады. Алдағы уақытта аптасына бір ойын ойнайтын кестеге түсеміз. Сол кезде жағдай жақсарады деп үміттенемін.

Айта кетейік, «Ertis» ФК биылғы маусымда 12 ойын өткізіп, 22 гол жіберді. 9 ұпаймен турнир кестесінің 10-орынына түсті.

Оразбек Саяхат
Фото: «Ertis» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт