Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті.

- Бүгінде облысымызда 328 жалпы тәжірибелік дәрігер учаскесі жұмыс істейді, - дейді филиалдың медициналық қызметтердің сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанова. - Биылғы жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры учаскелердегі жүктеме нормативін азайту үшін қаржы бөлді. Қазіргі таңда еліміздегі медицина саласында бір дәрігерге келетін халық жүктемесі нормативін 1700-ге дейін жеткізу маңызды. Өткен жылы Павлодар облысында бір учаскеде 2500-ден астам адам қаралса, биыл атқарылған шаралардың нәтижесінде кейбір емханалардағы учаскелерде тіркелген халық санын 2000-ға дейін азайтуға мүмкіндік туды. Бұл медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, аурулардың алдын алуға таптырмас мүмкіндік.

Бөлім басшысының айтуынша, облысымызда жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жетіспеушілігі салдарынан бірден барлық учаскелердегі жүктемені қысқарту мүмкін емес. Тіркелген халық саны екі мыңнан асып жатса да, кейбір дәрігерлерге адамдар жазылғысы келіп жатады. Бұл көрсеткіш – 2020 жылдың 1 қаңтарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізген кезде қол жеткізуіміз тиіс нормативтен жоғары.

- Мамандарды ынталандыру мақсатында биыл қызметтеріне тариф сомасын кезең-кезеңімен арттыра отырып, жалпы тәжірибе және бейінді дәрігерлерге келісімді еңбекақы төлеу енгізілді. Бұл алғашқы медициналық көмек мамандарының жалақы деңгейін 20 %-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - дейді қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышева.

Кадрлар тапшылығын азайту мақсатында сәуір айында аймағымыздың бас дәрігерлері Қарағанды, Семей, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының медициналық академияларында бос орындар жәрмеңкесіне барған. Нәтижесінде 92 түлекпен келісімшартқа қол қойылды.

Айта кетерлігі, биылдан бастап грантта оқыған барлық түлектерге міндетті үш жылдық еңбекті өтеу талабы енгізілді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: k-news.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам