Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде белгілі болды.

- Балалардың демалысы жүз пайыз қауіпсіз болуы тиіс. Сондықтан бұл іске жауапкершілікпен қарау қажет. Өткен жылы маусым-шілде айларында түрлі себептерге байланысты 48 бала жол көлік оқиғасына тап болған, 59-ын күйік шалып, тұрмыстық электр құралдарынан жарақат алған, 23 бала соққыға ұшыраған, алтауы терезе мен балконнан құлаған. Көз жұмған 17 баланың сегізі суға батып кеткен, - деп облыс әкімі Болат Бақауов қандай алдын алу шаралары жүргізіліп жатқаны туралы сұрады.

Өңірлік білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы аталған қайғылы жағдайлар шомылуға жабдықталмаған су айдындары мен жағажайларда орын алғанын атап өтті.

- Өкінішке орай, шомылу маусымында шынымен де балалардың көз жұмуы өзекті мәселе болып тұр, - деді басқарма басшысы. - Білім беру басқармасы, қалалар мен аудандардағы білім беру бөлімдері ересектердің қадағалауынсыз шомылып жүрген балаларды анықтау үшін рейд жүргізуге үнемі нұсқаухат жолдайды. Сондай-ақ, бүгіні күні «Қауіпсіз терезе» акциясы жалғасуда. Екінші қабаттан бастап, қорғаныс құралдарын сатып алу  бойынша ата-аналардың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кей жағдайларда қалалық және аудандық депутаттардың қолдауымен демеушілер есебінен сатып алып берілуде.

Облыс әкімі  көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын ата-аналардың  қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі бойынша балабақшаларда сауалнама жүргізуді және ТЖ департаментіне жағажайлар мен елді мекендердегі су айдындарының жабдықталуын тексеруді тапсырды.

- Егер де ресурс болмаған жағдайда барынша көмек көрсету қажет. Біз балалардың қайда және немен айналысып жүргенін білу керекпіз, - деді Болат Бақауов.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім