Бұл туралы ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

- Ольга Сафронова IAAF World Challenge бүкіләлемдік жарысының бір кезеңіне қатысты, - деді баспасөз қызметінде. - Бұл кезең IAAF World Challenge аясындағы Сейко алтын гран-приіне арналды. Спортшы 100 және 200 метр қашықтыққа жүгірді.

Ольга Сафронова 100 метрлік спринтте 11,39 секунд көрсеткішпен 2-орынды еншіледі. Ал, 200 метрді 23,08 секундта жүгіріп өтіп 3-орынға табан тіреді.

Айта кетейік, IAAF World Challenge – Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының ассоциясы ұйымдастыратын жыл сайынғы 14 рет өткізілетін біркүндік жеңіл атлетикалық жарыстардың ғаламдық айналымы.

Еске салайық, Ольга Сафронова сәуір айында Катар елінде өткен Азия чемпионатында 100 метрді 11,17 секундта бағындырып, сол жарыстың рекордын орнатқан болатын. Ал, 200 метрге жүгіруден күміс медаль олжалаған.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жеңіл атлетика, Ольга Сафронова, спорт