Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина мәлім етті.

- Бүгінгі таңда әуеден өңдеу жұмыстары аяқталды, - дейді Ирина Сорокина. – Келесі кезеңде ағаштардың арасы сияқты қол жетпейтін аумақтарды өңдеу кезеңі басталады. Әсіресе, қансорғыштар шоғырланатын шөптерді шабудың қажеттілігіне назар аударғым келеді. Себебі, адамдар көп жиналатын саябақтарға мониторинг жүргізудің күшейтілген режиміне көшеміз. Екібастұз және Ақсуда жағдай штаттық режимде. Аққулы, Ертіс және Тереңкөл аудандарының су айдындарында анықталған дернәсілдерді өңдеуді өз күштерімен жүргізді. Қазіргі таңда Усолка шағын ауданында үнемі мониторинг жүргізіледі. Себебі, ол жерге Кенжекөлден ұшып келеді. Сондай-ақ, жерасты суын кептіру қиындық тудыратын 14 жертөле бақылауға алынған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, шыбын-шіркейді улау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған және ғылыми топтың жұмысы өз нәтижесін беруде. Дегенмен,  биопрепарат арқылы қансорғыштарды толығымен жойып жіберу мүмкін емес. Себебі, Ертіс өзенінің суы ішуге тұтынылады. 

Ақсу қаласының аумағында 9 мамыр күні Теплая өзені өңделсе, өткен демалыста Май ауданында 23  тонна және Аққулы ауданында 12  тонна «Бактицид» құйылды.

- Шыбын-шіркей бойынша жағдайды 1 маусымда көреміз, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Халықаралық балаларды қорғау күні көшелер мен жағалауда көп шаралар өтеді. Осы бағытта жұмысты күшетуді тапсырамын. Үшінші жыл қатарынан көлемді қаражат бөлінуде. Сондықтан оң нәтиже беруі керек.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, шыбын-шіркей, Павлодар облысы