Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған байқауға 40-тан астам вайн келіп түскен.

-    Қатысушылар «Сен павлодарлық болсаң» тақырыбында вайн түсіріп, Instagram желісіндегі аккаунтына жариялады, - деді ЖБДО арт-медиа орталығының жетекшісі Бауыржан Жансейітов. – Ереже бойынша олар біздің орталықтың @crmi_pvl парақшасын белгілеп, #вайнцрми хештегін қою керек болды.

Ұйымдастырушылар байқаудың қорытынды шарасына елімізге белгілі вайнерлер «Терри Тима» деп танылған Темірхан Асылбек және «ХАХА-Шоу» командасының мүшелері Ақсұлтан Қалиев пен Заңғар Зекеновты шақырып, павлодарлық вайнерлерге тарту жасады. Жүлдегерлерге сыйлықтарын құрметті қонақтар табыс етті.



-    Бүгінгі байқауға ұсынылған бейнежазбаларды қарап шықтым, - деді Темірхан Асылбек. – Қатысушылардың 60-70 пайызының вайн түсіруге икемі бар екен. Бұл жолы қатысқан жастарға әрі қарай жалғастыра беру керек. Еңбектенсе түбінде нәтиже шығатынына сенімдімін.

Байқау нәтижесі бойынша 3-орынға Павлодар қаласының экологиялық мәселесін қозғап, Алюминий зауытының түтіні жайлы вайн түсірген Олег Красильников ие болды. Оған планшет сыйға берілді. Ал, 2-орынды Ертіс өзенінің жағалауы туралы вайн түсіріп, ескі және жаңа жағалауды көрсеткен Руслан Курумбаев еншілеп, ноутбук алды.  



Бірінші орынды вайнда шаһардағы 5 млн теңгеден астам қаржыға салынған қымбат биодәретхана, орталықтағы үлкен сағат және танымал павлодарлық рэп орындаушысы Скриптониттің рэпін қамтыған Асхат Көшеншереков жеңіп алды. Жеңімпазға экшн-камера табысталды.

-    Вайнды досым Әсел Ахметжановамен бірге түсірдік, - деді Асхат Көшеншереков. – Жоспарсыз қаланы аралап, 2-3 сағаттың ішінде түсіріп шықтық. Қаламыздағы қымбатқа тұрғызылған, бірақ ылғида жабық тұратын биодәретхана мәселесін қозғадық. Қыруар қаржы жұмсалған әжетхана адамдарға керек кезде жабық тұрады. Сондай-ақ павлодарлықтардың бәріне белгілі, тұрғындарға ыстық «градусник» қамтылды. Соңында Скриптониттің «Стиль» туындысынан үзінді қойдық. Скриптонит павлодарлықтардың мақтанышы. Бұрындары вайнды өзіміз үшін түсіретінбіз. Бәрін жарияламай, өшіріп отырдым. Бұл байқаудан кейін шабытымыз оянды. Оған қоса, сыйлыққа экшн-камера алғаннан кейін жақсылап жұмыс жасамақпыз.



Асхат Көшеншереков алюминий зауытында инженер болып жұмыс жасайды. Әсел Ахметжанова болса, жеке сот орындаушысының көмекшісі. Вайнерлер жұбы алдағы уақытқа ауқымды жоспар құруда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, вайн, байқау, ЖБДО