Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«2017 жылдан бастап балалардың демалысы кезінде республикалық музейлерге, музей-қорықтар мен театрларға оқушыларды тегін кіргізу тәжірибесі жұмыс істейді. Осы жобаның оң тәжірибесін ескере отырып, оны енгізуді жергілікті деңгейде де жалғастыру ұсынылады. Бүгінгі таңда балалар мен жастарды әлеуметтік өмірге белсенді тарту үшін барлық өңірлерде кітапханалар базасында коворкинг-орталықтар жұмыс істеп тұр. Мұнда балалар мен жасөспірімдер оқу бағдарламалары аясында шығармашылық және креативті жобаларды іске асыра алады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысында.

Министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні өңірлерде 208 коворкинг-орталық бар. Өңірлер бөлінісінде бұл орталықтардың ең көп саны Алматы қаласында, Алматы облысында (33), Шығыс Қазақстан (26), Павлодар (25) және Қарағанды (18) облыстарында ашылған.

«Елдегі барлық кітапханаларда «әдеби ертеңгілік» өткізу ұсынылады. Жоба аясында танымал қазақстандық жазушылар мен ақындар, жас авторлар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылатын мектеп бағдарламасына кіретін әдебиеттермен, қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттермен және әлемдік классикамен оқушыларды таныстыратын болады. Бұдан басқа, балаларды жан-жақты дамыту және кеңінен қамту үшін Министрлік қалалар мен облыс орталықтарында «BookCrossing» акциясын өткізуді, ал шалғай елді мекендердегі барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді ол.

Сондай-ақ, туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне патриоттық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында министрлік музейлер мен музей-қорықтарда қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, өлкетанушылар, археологтардың қатысуымен тегін тарихи-өлкетанулық және танымдық экскурсиялар, түрлі пленэрлер өткізу мәселесін пысықтауда.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында кітапхана және музей ісінің үздік қызметкерлерінің қатысуымен кезекті ІІ Республикалық «Рухани қазына» фестивалі өз жұмысын бастады. «Кейін «демалыс кезінде балалардың тиімді және мәдени-танымдық бос уақыты бойынша шаралар кешенін ұйымдастыру» үздік мәдениет қызметкерлері мен ұйымдарын іріктеу кезінде бағалау критерийіне енгізілетін болады».

Министрлік балалар мен олардың ата-аналары арасында «Керей мен Жәнібек», «Мұзбалақ» және «Күлтегін» анимациялық картиналарын көрсетудің оң тәжірибесін ескере отырып, жазғы демалыс кезінде барлық мәдениет мекемелерінде оларды тегін көрсету мәселесін жолға қоймақ.

pavlodarnews.kz

Тэги: