Өндірістің жаңа жетістігін металлургтер Еуразиялық топтың мерейтойына арнады.

Қазақстан электролиз зауыты – Қазақстан тарихында жүзеге асырылған ірі индустриялық жобалардың бірі. Бүгінде ол алюминий өндірісінің көшбасшысы әрі отандық экономиканың мақтанышы. 2007 жылы Қазақстан электролиз зауытының алғашқы кезеңі іске қосылған тұста, ол 11 мың тонна бастапқы алюминий өндірген болатын. 2010 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті өндірістің екінші кезеңін іске қосты. Кәсіпорын жобалық қуатына шығып, жылына 250 мың тонна өнім өндіре бастады. 2011 жылы кәсіпорын отандық алюминийдің 251 мың тоннасын шығарған. Өндіріс ошағы іске қосылғаннан бергі 12 жыл ішінде ол осымен 2 500 000 тонна бастапқы алюминий өндіріп отыр.

– Осы жылдар аралығында Қазақстан электролиз зауыты, жас кәсіпорын алдында тұрған талай межені еңсерді,– деп атап өтті «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндіріс жөніндегі вице-президенті Бауыржан Смайлов. – Кәсіпорында жүзеге асқан осындай шешуші жобалардың бірі – тоқ қуатын арттыру. Нәтижесінде жоғарыамперлі электролизерлердің өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашылды. Түпкі өнім алу үшін Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы өндірген электр қуаты мен Павлодар алюминий зауыты шығарған глинозем және кәсіпорынның өзі өндіретін анодтар пайдаланылады.

Жыл басында Қазақстан электролиз зауытында саңылаулы анод өндірісі іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін автоматты желіде осындай 23 мың анод шығарылған. Саңылаулы анодтарды пайдалану тоқ қуатын ұлғайту жобасын жалғастыруға жол ашты. Сайып келгенде осының бәрі 2019 жылы «қанатты металл» өндірісінің көлемін 263 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашпақ.

Айта кетейік, электролиз зауыты 12 жыл бойы барлық халықаралық стандарттар талабына сай келетін отандық алюминий өндіріп келе жатыр.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ) Лондон металл биржасында тіркелген өнім - А-8 бен А-85 жоғары маркалы бастапқы алюминий шығарады. ҚЭЗ алюминийді әлемнің 20-дан астам еліне жеткізеді, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Оңтүстік және Орталық Еуропа елдері бар.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ҚЭЗ, Қазақстан электролиз зауыты, кәсіпорын, зауыт, экономика