Аталмыш фактіге қатысты материалмен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өңірлік департаменті мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Темір Жашыбеков таныстырып өтті.

- Тоқжігітова 2018 жылдың маусым айында Баянауыл ауданы «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының кабинетінде ҰБТ-ға дайындық бойынша мектеп директорларымен жиналыс өткізіп, оларға 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша жинау туралы заңсыз тапсырма берген. Кейін бұл қаражатты ҚР БҒМ Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының өкілдеріне Павлодар облысының басқа аудандарымен салыстырғанда жоғары нәтижеге қол жеткізу мақсатында тесттің жауаптарын алып кіру үшін тапсырмақ болған. Тоқжігітованың тапсырмасы бойынша ақша жинауды мектеп директоры Смағұлова мен аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Нұртаева жүзеге асырған. Нәтижесінде бұл мақсатқа 3 млн 400 мың теңге жиналған, - дейді Темір Жашыбеков.

Тоқжігітова жауап алу кезінде жиналған қаржыны орталықтың өкілдеріне тапсыру үшін мектеп директорларына тапсырма бергені туралы өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ, оның бұл әрекетін мектеп директорлары Смағұлова, Ахметова, Тасмағамбетова, Сүлейменова, Кенжалин және тағы басқалары растаған. Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеу аясында жүргізілген кешенді сот-медициналық фонографиялық қорытынды мен психолого-филологиялық сараптамадан Тоқжігітова мен Баянауыл ауданы мектеп директорлары арасында ҰБТ-ның оң шешім табуына байланысты ақша жинау туралы келіскені анықталған.

Оған қоса, Тоқжігітова, Мүбарак және Нұртаеваның арасында ҰБТ өткізуге байланысты шараларды ұйымдастыру үшін қажет қаражат соманы талқылағаны туралы сараптама бар.

- Бұған дейін Екібастұз қаласы бойынша ауданаралық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасымен аталмыш фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалған, - дейді бас маман. - Дегенмен, 2018 жылы 5 қыркүйекте және 2019 жылы 29 ақпанда Тоқжігітованың іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің жоқтығына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бұдан кейін біздің атымызға әдеп заңнамасы нормалары және мемлекеттік қызмет заңының бұзылуы туралы ұсыным түсті. Қызметтік тергеуді ескеретін болсақ, Тоқжігітованың әрекетінде өзінің лауазымдық қызметін пайдалану арқылы мемлекеттік қыметшінің ар-намысына нұқсан келтіру белгілері анықталды. Өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтініш жазған Тоқжігітованың іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің жоқтығына байланысты бүгінгі отырысқа қатыспады.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев Тоқжігітованы ақшаны толық көлемде қайтарып беруі құтқарып қалғанын атап өтті.

- Олай жасамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатын еді, - дейді Әділбек Мұқашев. – Бұл қызметте 13 жылдай отыр. Бұған дейін мұндай оқиға Екібастұзда орын алған. Қазіргі таңда ҰБТ жақындап келеді. Сондықтан барлық мектеп директорларымен бірге жиын өткізіп, мұндай жағдайдың болмауын ескеру қажет.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Баянауыл ауданы әкімінің орынбасарына қатысты қызметіне толық сәйкес келмейтіні туралы, сондай-ақ, осы жағдайға байланысты аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке қатысты тәртіптік өндіріс шығаруды ұсынды.

Ақбота Сейсенбаева
Фото ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Баянауыл, білім, қызмет