Бүгінгі шараны Тереңкөл ауданы кітапханалар жүйесі облыстық кітапхананың Ертіс өңірінің танымал тұлғаларының өмірі мен қызметін насихаттауға бағытталған «Тұлға. Кітап. Заман» атты жобасын іске асыру аясында ұйымдастырып отыр.

- Жыл сайын 21 мамырда әр аудан осы еске алу күніне орай облыс орталығына келіп өздері дайындаған шараны өткізіп отырады, - деді Тереңкөл ауданы кітапханалар жүйесінің директоры Зауреш Қаппасова. – Өйткені 21 мамыр көрнекті тұлғамыздың өмірден өткен күні. Біз бүгін аудандағы оқырмандарымызды алып келдік. Олар Сұлтанмахмұт шығармашылығын сүйетін оқырмандарымыз. Арасында балалар да, үлкендер де бар.

Тереңкөлдік өнерпаздар ән мен күйін ұсынып, Сұлтанмахмұт шығармаларын оқып, өз өлеңдерін арнады. Сондай-ақ ақынның «Қамар сұлу» романы үзіндісінен көрініс қойды.

Еске алу шарасының құрметті қонағы ақын, Қазақстан жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани Сұлтанмахмұтқа құрмет көрсету – барлық алаш қайраткерлеріне құрмет көрсету екенін атап өтті.

- Бүгінгі тамаша кешті ұйымдастырушыларға Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры ретінде өңір жазушыларының атынан ризашылығымды білдіремін, - деді Арман Қани. – Сұлтанмахмұтқа құрмет көрсету Жүсіпбекке, Мағжанға, Әлиханға, Ахметке, барлық алаш қайреткерлеріне құрмет көрсету болып табылады. Алаш қайраткерлерінің арғы жағында ұлы ұстазы – Абай тұр. Абайға да құрмет көрсеткеннің белгісі. Бұл шара алаштың гимнін жазған Сұлтанмахмұттың дүниеден өткен күнімен дөп келіп отыр. Бар жоғы 27 жыл ғұмырында қазақ әдебиетінің үлкен алыбы соңына өлмес мұра қалдырды. Оның идеялары елдікке үндеу болып табылатын. Кезінде Сұлтанмахмұт көре алмаған егемендікті жас ұрпақ көріп отыр. Еліміздің игілігін солар пайдалануда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын. Көгілдір туымыз биікте желбірей берсін.

Шараға жиналған қауым Сұлтанмахмұттың өлеңдерімен сусындап, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, ақын, еске алу