Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серік Байбосыновтың айтуынша, 2019-2020 жылдарға жоспарланған жобаны жылдың соңына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

- Екі ауылда да жұмысқа «Ай-Су Мелиорация» ЖШС жауапты, - дейді Серік Байбосынов. - Әуелбек ауылында су құбырын тартуға бюджеттен 515711,670 млн теңге, Қожамжар ауылына 618156,099 млн теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 20 пайызы облыстық, қалғаны республикалық бюджеттен қарастырылған. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге жергілікті тұрғындар ауладағы құдықтарынан ащы суды тұтынып отыр. Қожамжар ауылында кешенді блок модуль жұмыс істейді.

Әуелбек ауылында ұзындығы 19 шақырымның алты шақырымнан астам, Қомжамжар ауылында 22 шақырымның төрт шақырым су құбыры төселген.

Мердігер ұйым су құбырын үйлерге дейін жеткізіп бермек және су өлшеу құрылғыларын ұсынады. Қалған жұмысты жергілікті тұрғындар өз есебінен жүзеге асырады.

 - Бүгінде Әуелбекте 600-ден астам, Қожамжарда 700-ден астам адам тұрады, - дейді бөлім басшысы. – Аудан бойынша Қараоба, Приреченск, Ақжол, Жолболды, Ақтоғай ауылдарында орталықтандырылған су жүйесі тартылған.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Павлодар облысының 172 мың ауыл тұрғынын орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланған. Бұл межеге жету үшін биыл 34 жоба жүзеге асырылмақ. Әзірленіп жатқан жобаларға қосымша қаражат бөлінсе, өңірдегі ауыл тұрғындарының 55,4%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізе алады.

2022 жылға қарай ауыл тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамтуды 72%-ға жеткізу көзделуде.

Ақбота Сейсенбаева

Фото:  tsn24.ru, Ақтоғай ауданының әкімдігі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам