«Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикованың айтуынша, аталмыш жоба облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен екі жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді.

 - 2018 жылы Павлодар қаласындағы және Кенжекөл ауылындағы балалар үйінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 90 бала қамтылған болатын, - дейді  Шолпан Кинжикова. – Биылғы жылы Тереңкөл ауданының балалар үйінен 39 бала қосылып отыр. Бұл жеткіншектердің 80 пайызға жуығы өзге ұлт өкілдерінің балалары. Олар базалық деңгейде мемлекеттік тілді үйренеді. Сондай-ақ, қыз балалар қазақтың ұлттық  тағамдарын жасауды меңгереді. Себебі, мұның барлығы болашақ өмірде  қажет  болады.

Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің арасында үш айдың ішінде қазақ тілінде мақал-мәтелдер, күрделі сөз тіркестері бойынша әртүрлі сайыс өткізіледі.

Заманауи технологияларды қолдану арқылы курс барысында интерактивті презентация, материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс және қасиетті жерлерге, музейлерге, театрларға саяхат ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызы бар шараларға  қатысады.  Ең кішкентай қатысушының жасы жетіде болса, ең үлкені 17-де.

 - Мысалы, өткен аптада Тереңкөл ауданында кезінде  аты шыққан, діни білімнің жілігін шағып, майын ішкен Сайділда қажы (Шайдолла) Түйтібекұлының  басына барып, Құран бағыштап қайттық. Сонымен қатар, балалар ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп  кесенесіне саяхат жасады. Мұның барлығы жас ұрпақтың бойында қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын білуге деген қызығушылығын оятады.

Курсқа қатысушылардың барлығына «Тілдік келісім» жобасының логотипі бар имидждік сыйлықтар мен оқулықтар табыс етілді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Облыстық тілдерді дамыту басқармасы

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам