«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамы бұған дейін бұзау беру акциясын Жолқұдық ауылында бастаған болатын. Аталмыш акция бұл жолы да ол өз жалғасын тапты.

Үштерек пен Құркөл ауылдарындағы көп балалы отбасыларға кәсіпорынның қызметкерлері мен жұмыскерлері өз қаражаты есебінен симментал тұқымды бұзау сыйлады. Үштеректегі Амангүл Құнанбайдың отбасына оны «Ақсу электр станциясы» бас инженерінің орынбасары Неғмат Женаев өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, Евгеньевка мен М.Омаров атындағы ауылдық округтердің әкімдігі тарапынан қос отбасы да азық-түлікпен қамтылды.

Амангүл Құнанбай – жалғызбасты, төрт баланың анасы. Балаларының алды Ақсу қара металлургия колледжінің студенті болса, үшеуі Үштерек орта мектебінің оқушылары. Көп балалы ананың қайырымды жандарға алғыс білдіріп, көзіне жас алды. Бүгінде отбасы мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек алады.

 

- Қасиетті Рамазан айында келіп, отбасыма жанашырлық, қамқорлық танытып жатқандары үшін кәсіпорын мен әкімдіктегілерге алғысымды білдіремін. Балаларым болашақта еліміздің білімді азаматтары болып, елінің одан әрі дамуына үлес қосатынына сенімдімін. Қайырымды жандарға тағы да рақмет, - деп ағынан жарылды көпбалалы ана.

Ал, Мергүл Тоқтақын отбасымен басқа өңірден қоныс аударып келген жанұя (Шығыс Қазақстан облысы). Отбасыда 4 бала бар. Жолдасы екеуі де жұмыссыз (әлеуметтік көмек алушылар). Бұл отбасының үлкені студент, екі баласы мектеп оқушылары және біреуі үйде.

Қос отбасының да жанашыр жандарға алғыстан басқа айтары жоқ.

Ақмарал Ерманат

Фото: Ернұр Жұмаділов

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам