Бағдарламаны әзірлеуші «Наnali 2013» ЖШС-нің директоры Руслан Көпжасаровтың айтуынша, аталған жоба балақбашалар үшін алдын ала топтарды жинақтап, қаржыны жоспаралуға және ата-аналарға  балалары үшін қажетті орынды ертерек таңдауға мүмкіндік береді.

- Әдетте бұл жұмыс сәуір-мамыр айларында қағаз жүзінде жүзеге асырылып, оқу жылына есепке алу 1-30 тамыз аралығында жүреді, - дейді Руслан Көпжасаров. - Балабақшалар мен ата-аналар, білім беру бөлімдері үшін осы уақытта толығымен үлгеру қиындық тудыратын. Сондықтан электронды балабақша жобасын ұсынып отырмыз. Барлық модульдер енгізілетін отандық өнім ата-аналарға ашықтықты қамтамасыз етеді. Интернет арқылы балабақшадағы бос орындар көрініп тұрады. Орын босаған кезде өзіне-өзі жолдама ала алады және оның қағазға шығарудың қажеті болмайды.  

Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Зәуреш Қалиева жыл сайын жүргізілетін балаларды жинақтауды сапалы түрде ұйымдастыру үшін алғаш рет жаңа функция енгізіліп отырғанын атап өтті.

- 27 мамырдан бастап адын ала орын алу функциясы басталды, - дейді Зәуреш Қалиева. - Ата-аналар алдын ала орын алып, балабақшаға барған мезгілге дейін сол орын сақталады. Кесте бойынша шағын аудандарды бөліп, ата-аналар мөлтек аудандардағы балабақшаларды таңдай алады. Қазіргі таңда әр балабақша өздерінің даярлық және мектепалды топтарынан шығатын балалардың санын біледі. Бізде биылдан бастап 6 жасар балалар мектепке баратыны белгілі. Сондықтан 3087 орын жеті жасар, 2800-ден астам орын алты жасар балалардың орындары босайды. Барлығы 6000-ға жуық орын болады. Бірінші кезекте үш жасар балалар қамтылады, әрі қарай екі жасар балалар да қабылданады.  

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда білім беру бөлімінің тізімінде туғаннан алты жастағы балалардың саны 18 мыңнан асады. Жаңа ақпараттық жүйенің арқасында ата-аналар білім беру бөліміне кірместен тікелей балабақшаға барады. Ол үшін баланың денсаулығы туралы төлқұжаты болса жеткілікті.

Алдын ала орын алу 27 мамырдан 16 тамыз аралығында болжамды босату күнін көрсету арқылы жүргізіледі. Егер мектепке дейінгі балалар ұйымына қабылдауға жолдама берілмеген болса, кезекті басқару жүйесі 1 қыркүйекте ерте алынған барлық бос орындарды автоматты түрде жояды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Светлана Воронова

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам