- ҚР«Білім беру» туралы заңының 49-бабы мен «Неке және отбасы» Кодексіне сәйкес ата-аналар балаларды жалпы орта білім берумен қамтуға міндеттеледі, - дейді қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Зәуреш Қалиева. – Бұл міндеттен жалтарған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес бірінші рет 3 АЕК көлемінде, ал, бір жылда тағы қайталанса, 6 АЕК айыппұл төлейді. Бұл 1 қыркүйекке дейін туған балаларға қатысты болмақ. Білім беру мекемесінің басшысына мектеп жасындағы бала сабаққа бармайтыны белгілі болса, ата-аналармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі және білім беру басқармасын хабардар етеді. Бұдан әрі кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралады.

Спикердің айтуынша, балғындарды 6 жастан 1 сыныпқа қабылдаудың нәтижесінде орын тапшылығы туындамайды. Мысалы, өткен жылы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің саны 5313 болса, биыл алты жастағы балаларды есепке алғанда барлығы 5950 болмақ.  Былтыр 1 сыныпқа келген балалардың 20 пайыздан астамын 6 жастағы бүлдіршіндер құраған.

Бұған қоса, екі жыл қатарынан шағын орталықтарды  жабудың нәтижесінде босап қалған кабинеттер 1 сыныптың оқушыларына ұсынылады.

Ең бастысы, 6-7 жастағы бала мектепке барғанда сөйлей білуі керек және оқу-жазуға міндетті емес.

Мектепке дейінгі сектор меңгерушісі Бақыт Қырыбесова 6 жастағы мүмкіндігі шектеулі балғындар мамандандырылған балабақшада қала алатынын атап өтті.

- Ол үшін психолого-медико-педагогикалық консультацияның қорытындысы қажет, - дейді Бақыт Қырыбесова. – 2014 жылғы өзгерістер енгізілген 2012 жылғы шілдедегі заңның 343-бабына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балалар ПМПК-ның қорытындысы негізінде жеті жасқа дейін балабақшада бола алады.


Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім